Жетісу облысының тұрғыны кәмелетке толмаған қыздың интимдік сипаттағы материалдарын заңсыз таратқаны үшін ұсталды.
Жетісу облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп және "Жаңа адамдар" жастар қозғалысы өкілдерінің қолдауымен интимдік сипаттағы материалдарды заңсыз тарату дерегін анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Алакөл ауданының 22 жастағы тұрғыны болып шықты. Тергеу мәліметінше, күдікті TikTok әлеуметтік желісі арқылы кәмелетке толмаған қызбен танысып, кейін байланысын мессенджерлердің бірі арқылы жалғастырған. Қыздың сеніміне кірген ол психологиялық қысым көрсетіп, қорқытып, сондай-ақ 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы беремін деп уәде етіп, одан интимдік сипаттағы фотосуреттер мен бейнематериалдарды алған. Кейін күдікті аталған бейнематериалдарды мессенджерлердің біріндегі жабық арналар арқылы заңсыз таратып, одан материалдық пайда тапқан. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.