Қазақстанда жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыс 252,6 мың теңгеге жетті
2026 жылдың І тоқсанында Қазақстан халқының жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 252 619 теңгені құрады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға жоғары. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы жариялаған алдын ала мәліметте айтылды.
Есепті кезеңде тұтыну бағаларының индексі 11,7 пайыз болғанын ескергенде, халықтың нақты ақшалай табысы 0,1 пайызға өсті.
Өңірлер арасында жан басына шаққандағы ең жоғары орташа атаулы ақшалай табыс Алматы қаласында тіркелді – 408 182 теңге. Одан кейін Ұлытау облысы (353 036 теңге) мен Астана қаласы (352 811 теңге) орналасқан.
Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында байқалды. Мұнда халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы 143 409 теңгені құрады. Сондай-ақ төмен көрсеткіштер Шымкент қаласында (160 951 теңге) және Жамбыл облысында (166 768 теңге) тіркелген.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда атаулы ақшалай табыстың ең жоғары өсімі Алматы облысында – 19,1 пайыз, ал Қарағанды облысында – 16,4 пайыз болды.
Статистика бюросының мәліметінше, халықтың атаулы ақшалай табыстары жалақыдан, өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін кірістерден, әлеуметтік төлемдерден және өзге де ақшалай түсімдерден қалыптасады.
Айта кетейік, жарияланған көрсеткіштер алдын ала бағалау болып табылады. Дереккөздер нақтыланғаннан кейін мәліметтер қайта есептелуі мүмкін.