Ақниет, Бөрте. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құлындарына осындай есім қойған еді. Бітімі бөлек жылқыларды Президент демалыс күндері уақыт тауып, күтімін үнемі бақылап тұрады. Президент Іс басқармасының атқорасындағы асыл тұқымды тұлпарлар Мемлекет басшысына әр жылдары сыйға тартылған. Әсіресе, Ақалтеке тұқымынан туған қылаң боз тай көптің қызығушылығын тудырды. Бір жыл бұрын Президент оған Ақжан деп ат қойған. Шоқтығы биік, қаз мойын, қамыс құлақ, денесі сылыңғыр, көзі тау суындай тұп-тұнық, жүрісі паң, өте есті жануар екені байқалады. Ұлы Даланы мекен еткен бабаларымыз ежелден жылқыны кие тұтып, қастерлеген. Ақжан - сол қасиетті бейненің бүгіні десек, қос құлыншақ - болашағының символы іспетті. Ақжан, Ақниет, Бөрте – қазақ елінің ғана емес, төрткүл дүниедегі атсүйер қауымның жіті назарында. Олар әлемге "ат - ер қанаты" деп санайтын қазақ халқының мыңжылдық тарихына, дәстүріне, төл мәдениетіне деген құрметін паш етіп тұрғандай. Аттың сынын жақсы білетін мамандар келешекте халықаралық жарыстарда топ жаратын тұлпар болады деп бағалап отыр.