Қатонқарағайда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі басталды. Түркі халықтарының мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын дәріптеуге арналған ауқымды шараның алғашқы күні Берел ауылындағы «Патшалар жазығы» тарихи-мәдени кешенінде өтті.
Фестиваль қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ақтан Нұрбаевтың рухына арналған «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» республикалық поэзия кешімен басталды. Жыр кешіне елдің әр өңірінен келген 16 ақын қатысып жатыр.
Ертең жоба аясында «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы өтеді. Бұдан бөлек, құнан, топ, аламан бәйге мен жорға жарысына қатысушыларға арналған мандаттық комиссияның және төрешілер алқасының отырысы ұйымдастырылады.
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі гала-концертпен қорытындыланады. Концерттің басты қонағы ретінде Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген ән шырқайды. Сондай-ақ Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия, Башқұртстан (Ресей Федерациясы), Тыва (Ресей Федерациясы) және Қарақалпақстанның (Өзбекстан Республикасы) танымал өнерпаздары өнер көрсетеді.
Шара түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын дәріптеп, шығыстың қайталанбас табиғатын алыс-жақыннан келген демалушыларға таныстыру арқылы өңірдің туристік әлеуетін арттыруды көздейді. Үш күнге созылатын әдеби-мәдени шаралар осы мақсатқа негізделген.