$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Банкир Ержан Тәтішевтің өлімінен кейін Әбілязов оның әйеліне қысым көрсетті - куәгер

AstanaTV
20.02.2018ж. 20:00
2512
Банкир Ержан Тәтішевтің өлімінен кейін Әбілязов оның әйеліне қысым көрсетті - куәгер

Банкир Ержан Тәтішевтің өлімінен кейін Мұхтар Әбілязов оның әйеліне қысым көрсеткен. Сондықтан Тәтішевтің жесірі Анар Айтжанова үш баласымен бірге шекара асуға мәжбүр болған. Бұл жайында шыны королі Мұратхан Тоқмәдидің ісіне қатысты Таразда өтіп жатқан сот процесінде куәгер айтты.

Анар Айтжанова маған Мұхтармен проблема болып жатыр деді. Бірақ, іске араластырмады, ашып айтпады. Өйткені "бастарың бәлеге қалмасын" деп, біздің өміріміз үшін алаңдады. Ол тек «маған кету керек, Әбілязов қысым жасап жатыр» деді. Себебі Мұхтар акцияны беру, алу жөнінде әбден мазасын алған. Сондықтан балаларының қауіпсіздігі үшін елден кетуді ұйғарды.

Куәгердің айтуынша, қашқын олигарх Мұхтар Әбілязов, «Тұран әлем» банктің акциясы мен құнды қағаздарын тартып алу үшін, әртүрлі әрекеттерге барған. Тіпті марқұм Ержан Тәтішевтің екі інісі де акция үшін жеңгесімен жауласыпты. "Ағайындылар ағасы Ержанның балаларына құнды қағаздарды мұра ретінде бергісі келмеді" деді куәгер. Осылайша, екі жақты қысымнан есеңгіреген Айтжанова Австрияға көшіп кеткен көрінеді. Алдағы сот отырысына Тәтішевтің әйелі мен екі бауыры да куәгер ретінде тартылмақ. Ал сотта өзін Тоқмадидің туысы ретінде таныстырған мына азамат ағасының атышулы қылмыстық тобы жайлы айтып берді.

Бекен Иманқалиев, куәгер: 

Қалада оны бәрі сыйлап, «рэкетир» деп әспеттеді. «Депутаттық корпус» қылмыстық тобы танымал болатын. Тоқмади сол топтың серкесі бола білді. Оның қылмыстық тобы кілең спортпен айналысатын жігіттерден тұратын. Олар соның үйінде жиі-жиі жиналып, артынша бизнесмендерден ақша бопсалауға, есеп айырысуға баратын.