$464.71 €531.26 ₽6.05
×

Венесуэладағы жер сілкінісі: қаза тапқандар саны 4300-ден асты

Венесуэладағы жер сілкінісі: қаза тапқандар саны 4300-ден асты
Фото: АР

Соңғы мәлімет бойынша, табиғи апаттан 4333 адам қаза тауып, 16 мыңнан астам тұрғын жарақат алды

Венесуэлада 25 маусымға қараған түні болған жойқын қос жер сілкінісінің салдарынан қаза тапқандар саны кемінде 4333 адамға жетті.

Жаңартылған мәліметті 11 шілдеде елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес жариялады. Оның айтуынша, табиғи апаттан 16 740 адам жарақат алған, ал шамамен 17 мың тұрғын баспанасыз қалған. Бұған дейін БҰҰ зардап шеккендердің жалпы санын 50 мың адам деп бағалаған болатын.

Сонымен қатар уақытша президент міндетін атқарушы Делси Родригестің ағасы саналатын Хорхе Родригес баспанасынан айырылған тұрғындар үшін уақытша үйлер салынатынын айтты. Алғашқы 200 баспана келесі аптада берілмек. Өзге мәліметтер әзірге жарияланған жоқ.

Үкіметтің алдын ала есебіне сәйкес, зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін шамамен 25 мың үй қажет. Осы мақсатта Осма және Чуспа қалаларында жалпы аумағы 584 мың шаршы метр болатын 40 жер телімі белгіленген.

Қираған ғимараттардың үйінділерін тазарту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Еске салайық, жойқын жер сілкінісі Венесуэлада 24 маусым күні кешке болды. Араға небәрі 40 секунд салып магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер асты дүмпуі тіркелген. Олардың эпицентрлері Яракуй штатында бір-бірінен шамамен 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Негізгі жер сілкіністерінен кейін 1171 афтершок болған.