$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Бір аяғына протез жасатуға қаржы қажет деген алматылық бойжеткен арманына бір табан жақындады

AstanaTV
21.02.2018ж. 20:00
3114
Бір аяғына протез жасатуға қаржы қажет деген алматылық бойжеткен арманына бір табан жақындады

Бір аяғынан айырылған алматылық бойжеткен арманына бір табан жақындады. Көпшіліктің қолдауымен қажетті қаражаттың жартысы жиналған. Енді тағы 35 мың еуро қажет. Бұл ақшаға Надира Аухадиева соңғы үлгідегі протез сатып алмақшы. Осылайша, қоғамға араласып,  екі аяғын тең басқан сау адамдардай өмірге қайта оралсам дейді. 

Иілуі қиын икемсіз протездің орнын басар соңғы үлгідегі жасанды аяқты алатын күн алыс емес. Надира сол арманға талпынып келеді. «Жүрегі кең адамдар жарты жолға жеткізді. Енді сәл қалды», - деп қуанады бойжеткен.

Надира Аухадиева, Алматы қаласының тұрғыны:

Үлкен алғысымды білдіргім келеді барлық көмектесіп жатқан адамдарға. Сіздердің арқаларыңызда міне арманыма апаратын жарты жолды өттім. Енді жартысы қалды. Бұйырса, ақша жиналып, Германияға барып, протезімді алып қайтып ораламын.

Ол үшін тағы 35 мың еуро қажет. Надираның басты көмекшісі - халық. Сондықтан әлеуметтік желілер арқылы жолдаған сұрауым жүректерге жол табуда дейді. Германиядағы ортопедиялық орталықпен де хабарын үзбей, жаңа протездің мүмкіндігін зерттеп, ондағы мамандардың пікіріне құлақ асады.

Вольфганг Грёппель, Германиядағы «NOVAVIS» протез-ортопедиялық орталығының маманы:

Соңғы үлгідегі протез аяқтың ерекшелігі - электронды микропроцессорында. Әлемдегі ең сенімді өнім десе болады. Компьютерлендірілген жасанды мүше Надираның әр ойын автоматты түрде жүзеге асырады. Бір секунд аралығында екі мыңнан аса ақпаратты ақаусыз орындайды.

Балдаққа таңылған бойжеткеннің арманы еліміздегі протез дайындау орталығының жұмысына араласу. Сапалы, әрі соңғы үлгідегі протездер жасауына ықпал ету. 

Надира Аухадиева, Алматы қаласының тұрғыны:

Өйткені қанша жылдан бері протез дайындау технологиясының сапасы өзгермеген екен. Сол бір қалыпта тұр екен. Сол үшін кішкене жүрегім ашиды да. Жаным ашиды, неге біздің елімізде ондай жоқ деп. Соған өз үлесімді қоссам, ықпалымды тигізсем деп ойлаймын.

Қатерлі ісікке шалдығып бір аяғынан айырылған бойжеткеннің тағдыры жайлы бұған дейін айтқан едік. Өмірге деген құлшынысы, екі аяғын тең басып жүруге деген ұмтылысы зор Надира ертеңгі күннен мол үміт күтеді.

Олжас НҰРЖАҚЫП