Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытатын АРТ орталық ашылады

AstanaTV
21.02.2018ж. 20:00
3607
Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытатын АРТ орталық ашылады

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытатын АРТ орталық ашылады. Оған бастамашы болған азаматтардың өздері де мүгедек. Орталықта қарапайым тігіншілерден бастап ІТ технология, сауда мамандары мен менеджерлер дайындалады. Осылайша, жұмыссыздық мәселесін шешу көзделген. Айжан Қуаш баяндайды.

Данияр мен Қымбатбек бірнеше жыл бұрын жұмыссыздықтан еңселері түсіп жүрген кезде танысқан. Ақылдаса келе, жігіттер бұл мәселені түпкілікті шешуге бел буады. Сөйтіп, спорттық киімдер тіге бастайды. Сәті түсіп, демеуші де табыла кетеді. Қондырғыларды солар сыйлаған. Көп кешікпей кәсіпорындардан тапсырыс түсе бастайды. Сөйтіп екі жылда есту қабілеті нашар 15 адамды жұмысқа алған.

Данияр Ауписимов, кәсіпкер:

Бизнеске келгелі өзімнің де, өзгелердің де өмірі жеңілдеген сияқты. Біз барлығымыз бірдейміз. Адамдарға жағдай жасауға тырысамыз.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 660 мыңнан астам мүгедек бар. Оның 410 мыңдайы еңбекке қабілетті. Алайда өндірісте мүмкіндігі шектеулі жандардың 12 пайыздан астамы ғана жұмыс істейді.

Бұл адамдардың тағдыры қос кәсіпкерді қатты алаңдатқан. Мүгедектер арасындағы жұмыссыздықты азайту үшін арнайы АРТ орталық ашуды жоспарлайды. Арбаға таңылған адамдарды тігіншілікпен бірге ІТ технология, сауда ісі мен менеджерлікке оқытпақ. Ол үшін алдымен оларға қолайлы ғимарат салу жоспары бар. Алғашында әкімдік жер береміз дегенімен, кейін бұл мәселе жауапсыз қалған. Сондықтан оқыту орталығын жертөледегі цехтан ашуға тура келіпті. Қазір тек компьютер тапшы. Кәсіпкерлер демеушілерден көмек күтеді. Бұл мәселе шешілсе тағы біраз қарағандылық жұмыссыздықтан құтылуы мүмкін.

Қымбатбек Дурлан, кәсіпкер:

60 пайызы ғана жұмыс істейді де, қалғандары жұмыс істемейді. Неліктен? Өйткені оларға қиын. Сондықтан біз мақсат қойып отырмыз, жаңағы мүгедек адамдарға көмек көрсету, жұмысқа орналастырып оларды оқыту, білім беру деген сияқты.

Мүмкіндігі шектеулі болса да, қоғамнан шет қалғысы келмейтін азаматтар алақандарын жайып көмек күтіп отырудан аулақ. Тек қолдауға мұқтаж. Демеуші азаматтар табылса, талай жанға үміт отын сыйлауға әзір.

Айжан Қуаш