Түркістанда Қазақстанның Халық әртісі, ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған кеште композитордың бай мұрасы насихатталып, ұлттық өнер дәріптелді.
Түркістан төрінде сенбінің кешінде Шәмші әндері шарықтай шырқалды. «Шәмші әндері» өнер фестивалі ерекше форматта ұйымдастырылды. Фестивальдің негізгі мақсаты – композитордың бай музыкалық мұрасын насихаттау, ұлттық өнерді дәріптеу, жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін қолдау және Шәмші Қалдаяқов әндерінің мәңгілік көркемдік құндылығын кеңінен таныту.
МҰҚАҒАЛИ КЕНЖЕТАЙҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Түркістан қаласының тұрғындары мен туристеріне ерекше демалыс сыйлау мақсатында, оның үстіне Шәмші әндерінің өміршеңдігін тағы да бір дәлелдеу, оның әндерін ел арасында танымалдығын арттыру мақсатында биыл Шәмші әндері фестивалі осындай ашық алаңда еркін форматта ұйымдастырылып отыр.
Фестиваль аясында Қазақстанның танымал эстрада өнерпаздары мен жас орындаушылар компазитордың көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындады.
ДОСЫМЖАН ТАҢАТАРОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
Шәмші ағамыздың әні қай жерде, қай орында болса да тыңдауын табатын әндер. Өйткені қазақпен бірге жасасып келе жатқан тамаша артында мұра қалдырған Шәмші ағамыздың әні бұдан кейін де өзінің ұрпағымен бірге жасай беретініне ешбір күмәніміз жоқ. Түркістан қалай түлеп жатса, Шәмші әндері де басқаша түлеп, халыққа жетіп жатыр. Жас әншілеріміз басқаша бір ырғақпен Шәмшінің әндерін жеткізіп жатыр. Сондықтан Шәмші әндері жасай берсін.
300-ге жуық ән қалдырған қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әрбір туындысы халықтың жүрегінен ерекше орын алған. Уақыт өткен сайын оның әндері өз құндылығын жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. «Шәмші әндері» фестивалі де композитордың мәңгілік мұрасын ұлықтап, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айшықтады.