«Әділет» партиясы сайлауалды бағдарламасын таныстырып, үгіт-насихат науқанына ресми түрде кірісті. Бұл туралы Астанада өткен Республикалық сайлауалды штабтың ашылу салтанатында айтылды. Партия төрағасы Айбек Дәдебайдың сөзінше, бағдарлама елдің ұзақмерзімді дамуына бағытталған 10 негізгі басымдықты қамтиды. Олардың қатарында Заң мен Тәртіп қағидатын нығайту, адами капиталды дамыту, өңірлерді қолдау, әділ әрі бәсекелі экономиканы қалыптастыру, мемлекетті цифрландыру, әлеуметтік саясатты жетілдіру және қоғамдық диалогты кеңейту бар. Партия төрағасы бағдарламаның негізіне азаматтардың ұсыныстары мен бастамалары алынғанын айтады. Құжаттың басты құндылығы – адам, оның әл-ауқаты, отбасы және өмір сүруге қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ бағдарлама жекелеген мәселелерді шешуге емес, елдің жүйелі әрі ұзақмерзімді дамуына бағытталған. Қазіргі таңда еліміздің барлық аумағында Республикалық, 20 өңірлік және 226 аумақтық штабтан тұратын 247 сайлауалды штаб жұмысын бастады.Үгіт-насихат науқанына партияның 30 мыңға жуық сенімді өкілі қатысады. Дауыс беру күніне дейін Қазақстанның барлық өңірінде 21 мыңнан астам кездесу мен іс-шара өткізу жоспарланған.
АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Партиямыздың Сайлауалды бағдарламасы - нақты іс пен жоспарға, тиянақты әрі табанды шешімдерге негізделген кешенді құжат. Тәжірибе мен уақыт екшеуінен, азаматтарымыздың талғам таразысынан өткен шынайы құндылықтардың жиынтығы. Баршамыздың ендігі міндетіміз - Сайлауалды бағдарламаны халыққа жеткізіп, егжей-тегжейлі насихаттау, түсіндіру болмақ. Біздің бағдарламаның басты ұстыны - адам мен оның әл-ауқаты, отбасы мен өмір сүруге жайлы жағдай жасау. Біз бағдарламада өзекті мәселелердің уақытша шешіміне емес, еліміздің ұзақмерзімді, жүйелі дамуына басты назар аударып отырмыз.