$476.07 €541.86 ₽6.08
×

Қарағандылықтар Майқұдықтағы қаңыраған қауіпті ғимаратты қоршауды сұрайды

24.07.2026ж. 19:00
Қарағандылықтар Майқұдықтағы қаңыраған қауіпті ғимаратты қоршауды сұрайды

Майқұдықтағы қаңыраған қауіпті ғимарат: Тағы бір құрбанды күтіп тұрғандай... Қарағандылықтар нысанды тез арада қоршауды немесе іске жаратуды сұрайды. Бұрыңғы мектеп ғимараты қазір қаңғыбастар мен нашақорлардың мекеніне айналған. Ең қорқыныштысы ашық алаңға балалар еш кедергісіз кіре алады. Бірнеше жыл бұрын 13 жастағы қыз үшінші қабаттан құлап ауыр жарақат алған. 

Қарағандыдағы «ең қорқынышты қараусыз ғимарат» деп аталып кеткен нысан осы. Майқұдықта, 11 А шағын ауданындағы бұрыңғы мектеп. 90 жылдардан кейін қаңырап қалған. Есік - терезесі қирап, тоналғаны көрініп тұр. Оның тұрғын үйлердің ортасында орналасқанын ескерсек үлкен үрей туғызады. Тұрғындардың айтуынша қаңғыбастар мен нашақорлар мекеніне айналғалы қашан?

ЖАНАТ ДҮЙСЕМБЕКОВ:

Алқаштар собираются, арақ ішеді. Балалар жиналады. Мынаның іші түгел өсіп кеткен. Іші быт- шыт болып жатыр. Бірдеңе істеу керек. Ананың үстіндегі плиталар годный плиталар.

Ең қорқыныштысы бұл аумаққа балалар емін- еркін кіре алады.Ғимарат қоршалмаған. Бірнеше жыл бұрын жасөспірімдер биікке шығамыз деп 13 жастағы қыз құлап, жансақтау бөлімінен бірақ шыққан. Тұрғындар оны қоршауды сұрап жергілікті әкімдікке, полицияға талай арызданды. Алайда 25 жылдан бері еш өзгеріс жоқ.

ЛЮДМИЛА ДУЛЬЦЕВА, ТҰРҒЫН:

Нашақорлар кешке жиналып, айқайлайды. Төбелеседі.Неше түрлі оқиғалар болды. Балалар кіріп омыртқаларын сындырып, жазым болған кездері де болды. Қаншама рет әкімдікке жаздық. Спорт алаңы ма, аллея ма бірдеңе салынады деген әлі сол қалпы тұр. Тіпті қоршап та бермеді. Бала түгілі біз ересектер жұмысқа баруға қорқамыз. Учаскелік инспекторларды да шақырамыз. Меніңше ана жерге баруға полицейлердің өздері қорқатын сияқты.

Жергілікті әкімдік өкілінің айтуынша, апатты ғимараттың қожайыны жоқ. Оны коммуналдық меншікке алу заңмен жүзеге асады. Қазір сот процесстері жүріп жатыр екен. Айтуынша ауданда ондай нысандар көп.

АЗАТ МУХАМЕДЖАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН АУДАНДЫҚ ӘКІМДІГІНІҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:

Аудандық прокуратура бұл ғимараттардың жеке меншікке қалай өтіп кеткенін, қаншалықты заңды екенін тексеріп жатыр. Олар- білім, мәдениет, спорт нысандары. Сату, сатып алу келісімшарттары мен жекешелендіру құжаттарын бірлесіп тексереміз.

Жергілікті полиция да бұл ғимараттың қауіпті екенін ескертеді. Түрлі рейд өткізгендерін, оқиға орнына талай барғандарын айтты. Ата- аналарға балалармен жеке бас қауіпсіздігі жайында үнемі әңгімелесуге кеңес берді.

ДАНИЯР БЕКЕШОВ, ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН АТЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ ПБ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Біздің қызмет ету аумағымызда 11А ықшам ауданында өте қауіпті ғимарат орналасқан. Ол жерде кәмелетке толмаған балалар ойын ойнап өзінің өміріне, денсаулығына қауіп тудырады. Сол себепті біз түрлі жұмыстар атқарамыз, профилактикалық салада және де рейдтік жұмыстар жүргіземіз.

Тұрғындардың талабы- қарапайым. Егер ғимарат әзір іске жаратылмайтын болса, оған адамдардың кіруіне тосқауыл қойылуы тиіс. Ең бастысы балалардың қауіпсіздігі. Әрине, жақын арада мемлекет меншігіне өтіп ел игілігіне берілсе тіпті жақсы болар еді.