$510.84 €579.7 ₽6.39
×

Бас прокурордың орынбасары кәсіпкерлерге негізсіз іс қозғаған экономикалық тергеу қызметін сынға алды

AstanaTV
23.02.2018ж. 20:00
2925
Бас прокурордың орынбасары кәсіпкерлерге негізсіз іс қозғаған экономикалық тергеу қызметін сынға алды

Оңтүстік аймақтардағы арнайы операция кезінде 19 кеденші ұсталған. Мұны Мемлекеттік кіріс комитетінің алқа отырысында Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев мәлімдеді. Ал комитет басшысы қазір бұл іс бойынша қызметтік тексеріс бастағанын хабарлады. Бас прокурор орынбасары комитеттегі мемлекеттік қызметкерлердің қызметі мен тәртібі ішкі қауіпсіздік қызметінің назарынан тыс қалған деп отыр. Өйткені заңбұзушылықтардың барлығын басқа органдар әшкерелеген.

Ерлік Кененбаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

2017 жылы комитеттің 65 қызметкері қылмыстық іске тартылды. Оның 11-і экономикалық тергеу қызметі, 11-і кеден саласының қызметкері және 10-ы салық маманы.  Қылмыстың көбі басқа органдармен анықталған. Тіпті өткен аптадағы 19 кеден қызметкері ұсталғанын білесіздер. Олардың да заңсыз ісі ішкі қауіпсіздік қызметінің назарынан тыс қалып отырған.

Экономикалық тергеу қызметкерлері 20 кәсіпкерді заңсыз жауапқа тартқан. Оның алтауы ақталса, бесеуі тіпті қамауда отырған. Осы аралықта бизнесмендер шығынға батқан. "Экономикалық тергеу қызметкерлері кәсіпкерлер ісіне де кедергі келтіруден де алдарына жан салмай отыр", - деді Бас прокурордың орынбасары. Есесіне, экономикалық тергеу қызметкерлері заңбұзушы кәсіпкерлерді құрықтауға қауқарсыз көрінеді. Бүгінде заңсыздыққа жол беріп, тергеуден қашып жүрген 109 бизнесмен бар екен.