$473.4 €539.39 ₽6.07
×

Маңғыстаудың киелі орындары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне ресми түрде енгізілді

AstanaTV
27.07.2026ж. 19:00
Маңғыстаудың киелі орындары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне ресми түрде енгізілді

Маңғыстаудың киелі орындары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында тарихи шешім қабылданды. Енді маңғаз даланың бес нысаны әлемдік деңгейде мойындалады.

Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата мен Сұлтан епе нысандары халықаралық деңгейде ең жоғары мәртебеге ие болды. Бүкіләлемдік мұра комитетінің сарапшылары бұл ескерткіштерге ерекше баға беріп, оны ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне қосты.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл – еліміз үшін үлкен оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда көтерген бастамасы орындалды. Іс жүзіне асты, 22 жылда Қазақстанның ұлттық номинациясы ЮНЕСКО мұралар тізіміне енгізілді. Бұл біздің ұлттық мұрамыздың, ұлттық мәдени, тарихи мұрамыздың кеңірек насихатталуына жол ашады және де еліміздегі отандық туризмнің дамуына тағы бір серпіліс береді деген үміттеміз.

Әлемдік тәжірибеде мұндай жұмысқа әдетте екі жылдан бес жылға дейін уақыт кетеді. Ол ауқымды ғылыми зерттеулерді, тарихи негіздемені және халықаралық талаптарға толық сәйкес келетін досье дайындауды талап етеді. Ал Маңғыстаудың киелі нысандарын тізімге енгізу ісіне ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, ғалымдар, сондай-ақ Сыртқы істер және Мәдениет министрліктерінің сарапшылары бірлесіп атсалысты.

АСҚАР ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР ЮНЕСКО ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

Бүгінгі шешім халықаралық қауымдастық жағынан ЮНЕСКО құралы арқылы Маңғыстаудың киелі орындарының бүкіл адамзатқа ерекше маңызы бар екенін және ол Қазақстан тарапынан, бүкіл әлем тарапынан қастерленуі тиіс екенінің дәлелі болып табылады.

Қазақстан ЮНЕСКО-ға 1992 жылы толыққанды мүше болды. 2003 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, 2004 жылы Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтері ұйымның бүкіләлемдік мұралар тізіміне алғаш болып енді. Араға 22 жыл салып, тізім тағы да толықты.

ДМИТРИЙ ВОЯКИН, ҚР ЮНЕСКО ЖӘНЕ ИСЕСКО ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазіргі уақытта Қазақстан Үстіртті және Үстірттегі аран қақпандарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу үшін номинациялық құжаттама дайындап жатыр. Бұл посткеңестік кеңістіктегі алғашқы аралас номинация болуы мүмкін.

Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайда қойған өршіл міндеті бұрын-соңды болмаған жеделдікпен әрі жоғары тиімділікпен жүзеге асырылды.