×

Энергетикалық жаңғыруға 13 трлн теңге бағытталған

Энергетикалық жаңғыруға 13 трлн теңге бағытталған

Қыстың қамын жаз ойлап, Үкімет мүшелері елдің коммуналдық секторындағы дайындықты пысықтады. Екібастұз бен Риддердегі ел есінен кетпейтін инженерлік апат қайталанбас үшін президент пәрменімен былтыр ұлттық жоба қабылданған. Атқамінерлер алдағы 4 жылда тозығы жеткен инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартпақ. Оған қазынадан 13 трлн теңге көзделген.

Үкіметтің жоспары ауқымды. Тоз-тозы шыққан 70 коммуналдық кәсіпорынды 2029 жылға дейін дағдарыстан шығарып, жұмысын тезге қоймақ. 84 мың шақырым инженерлік желі жаңартылып, 27 энергия өндіру нысаны салынады. Нәтижесінде елдегі желілердің тозуы орта есеппен 40%-ға төмендеп, апат шығу қаупі 25%-ға азаймақ.

АСАН ДАРБАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ: 

2025 жылы жалпы көлемі 547 миллиард теңге қаржыға 6600 шақырым инженерлік желі жөнделді. Бұдан басқа, 8 кәсіпорын тәуекелі жоғары «қызыл» аймақтан шығарылды. Ағымдағы жылы жалпы көлемі 1 трлн 138 миллиард теңге қаржы есебінен 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу көзделген. Оның ішінде 759 миллиард теңге құрылыс жұмыстарына қаржыландырылды.    

Биыл тағы 8 кәсіпорын ескіліктің жоғары деңгейінен орташа қалыпқа түсуі керек. Премьер-министр алдағы қыстан шикілік шықпас үшін тиісті шара қабылдауды облыс әкімдеріне жүктеді. Екі апта ішінде дайындық түгел пысықталуы тиіс. Алайда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бұл бағыттағы үлгерімі үкіметбасының көңілінен шықпады.

Иә, ұлттық жобаның заңнамалық базасы дайын. Қаржы бөлініп тұр. Енді инфрақұрылымды жедел жаңғырту өңір менеджерлерінің қолында. Мемлекет бұл жолда отандық өндірушілердің тауарларын қолдануға басымдық бермек.

ЕРНАР ХАСЕНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ МЕН БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Ұлттық жоба аясында былтыр Павлодар қаласында жылу электр станциясына 6 шақырымдық, диаметрі мың миллиметр магистраль салдық. Нәтижесінде 600 көппәтерлі үйді жылумен қамтуға мүмкіндік туды. Ал биыл Ақмола облысы, Степногорск қаласында 52 жыл жұмыс істеп тұрған магистраль жаңартылмақ. Жаңа құрылғылар ұзақ жылдар бойы тиімді жылу таратады.

Коммуналдық қызметтерді цифрландыру да кезек күттірмейді. Әр үйге есепке алу құралдарын қоймайынша, ашықтыққа қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан Smart Turmys бірыңғай платформасын енгізуді тездету керек,- деді Премьер.