Батыс
Қазақстан облысында 62 жылыжай бар болғанымен, жемістер мен көкөністердің
жартысына жуығы сырттан әкелінеді. Әсіресе қыста импорт көлемі ұлғая түседі.
Ал жергілікті кәсіпкерлер жылыжайларды көбейткісі келеді. Бірақ қаражат
қолбайлау. Еркін Карин тақырыпты жалғастырады.
Оралдағы
базар көздің жауын алар жемістің сан түріне толы. Жергілікті бау-бақша өнімдерінен
көкөністің картоп, пияз, сәбізін ғана табасыз. Қалғаны алыс-жақын шетелден
әкелінген.
Марал Закарина, сатушы:
Мандарин
марокколық, алмалардың бәрі Польшадан әкелінген, молдовалық алма бар ішінде.
Қияр Тәшкеннен, арасында Ираннан да келеді. Оралдың ешқандай да өнімі жоқ бұл
жерде. Жергілікті өнім тек жаз кезінде болады. Қияр мен помидордың өзі жазда
келеді, қазір тек астың дәмін кіргізер шөп-шалам ғана әкелініп жатқан сияқты.
Жергілікті
өнімді көбейтудің бір жолы, ол - жылыжай шаруашылығын жолға қою. Одан жылына
екі рет өнім алуға болады.
Жапырағын
енді жайған мына өскін алдағы екі-үш аптада біртіндеп жеміс береді. Қазір бұл
жылыжайдан көктем шыға 2-3 тонна өнім алу көзделіп отыр. Ал Орал қаласын
жергілікті өнімдермен толық қамтамасыз ету үшін, осындай 40 жылыжай салса да
артық етпейді.
Жер
емген шаруалар осылай дегенмен, қала іргесіндегі жылыжайлар саусақпен санарлық.
Шағын жылыжайдың мүмкіндігі де мардымсыз. Бәрі де қаржыға тіреледі дейді
кәсіпкерлер.
Игорь
Гапич, кәсіпкер:
Қазір
екі жылыжайымыз бар. Оны үлкейтуге ақша керек. Несие де алар едік, бірақ ол
үшін кепілге қояр мүлік керек. Ал жылыжайды кепілге алмайды. Қосымша
дүние-мүлік сұрайды.
Ал
шенеуніктер үлкен өндірістік жылыжайлар көптеп салынса, облыстың жергілікті
өніммен қамтыларына сенімді.
Марат
Оңғарбеков, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Бізге
аумағы кемінде 2-3 гектарды құрайтын үлкен жылыжайлар керек. Ал біздегі ең
үлкен жылыжайдың аумағы 500 шаршы метрден аспайды. Қазір осы іспен айналысам
деген адамның қолын қақпай, жер телімін беріп, көмектесіп жатырмыз.
Ауыл
шаруашылығы басқармасының дерегінше, облыста 62 жылыжай бар. Олардың жалпы
аумағы 30 мың шаршы метрді құрайды. Бірақ арзан өнімді тұтынушыларға тікелей
жеткізу ісі қиын. Мұны министр де мойындаған еді.
Асылжан
Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Біз
транспорттық, логистикалық, сауданың даму сынды проблемаларын бірге шешуіміз
керек. Мысалы, қыс айларында жаңа жылдың алдында Астанада, Алматыда қиярдың
бағасы 1200-ге дейін шарықтап кеткен. Осындай кезде осы жердегі өндірушілер
өзінің өнімін 500 теңгеден сата алмай әлекке ұшырап отырған.
Ал
бұл мәселелер шешілмейінше, отандық өндірушілер опық жеп, қарапайым халық
сапасы күмәнды шетелдік өнімді тұтынуға мәжбүр.
Еркін
КАРИН