Қазақстанда негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну артты
2026 жылдың I тоқсанында Қазақстанда негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін тұтыну көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсті. Бұл туралы халықтың тұрмыс деңгейі бойынша жүргізілген іріктемелі зерттеу нәтижелері көрсетті.
Бір тұрғын тоқсан ішінде орта есеппен 20,7 кг ет және ет өнімдерін тұтынған. Сондай-ақ сүт және сүт өнімдері (58,1 литр), жұмыртқа (54 дана), көкөніс (18,7 кг), картоп (11,4 кг), балық пен теңіз өнімдерін (3,6 кг) тұтыну көлемі де артқан.
Ал жарма және дәнді дақылдар, жеміс-жидек пен жаңғақ, қант, тосап және бал тұтыну көлемі аздап төмендеген. Майлар мен тоңмайларды тұтыну өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалған.
Көкөніс тұтыну көлемі жан басына шаққанда орта есеппен 18,7 кг болып, өткен жылмен салыстырғанда 2,2%-ға өсті. Қала тұрғындары ауыл халқына қарағанда көкөністі көбірек тұтынған – тиісінше 19,3 кг және 17,6 кг.
Өңірлер арасында көкөністі ең көп Алматы қаласының тұрғындары (23,2 кг) тұтынған. Одан кейін Жетісу (22,8 кг) және Түркістан (21,4 кг) облыстары орналасқан. Ең төменгі көрсеткіштер Шығыс Қазақстан (16,5 кг), Абай және Алматы облыстарында (16 кг) тіркелді.
Ет және ет өнімдерін тұтыну бойынша Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ақмола және Қарағанды облыстары алда болса, ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында байқалды.
Зерттеу нәтижелері Қазақстан бойынша 12 мың үй шаруашылығына жүргізілген іріктемелі сауалнама негізінде әзірленген.