Оралдың қоқыс полигонынан шыққан өрт төрт күннен бері сөнер емес. Қазір қалада осыған байланысты төтенше жағдай жарияланған. Дегенмен тілсіз жаудың қашан тынышталары белгісіз. Бағытын жиі өзгерткен желдің күн санап күшеюі өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатып отыр. Осының кесірінен аумағы 35 гектар болатын полигонның жартысы отқа оранып үлгірді. Төрт күн өтсе де, әлі 9 гектар жер жалын құшағында. Қазір оты өшірілген аумаққа топырақ төгіп, рекультивация жұмыстары жүргізілуде. Қаланы көмген түтінге тұншыққан тұрғындар таза ауаға зар. Шенеуніктердің айтуынша, қазіргі полигон тұрмыстық қалдыққа лық толы. Енді оның орнына жаңа полигон салу міндеті тұр. Бірақ бұған кемінде 12 миллиард теңге керек.
ЖАНДОС ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Полигонның өзі 50 жыл болған полигон, ескі полигон. Жұмыс жасау жалпы оңайға соғып жатқан жоқ. Неге десеңіз, арнаулы техниканың кіріп-шығуы бар, жолдардың нашарлығы бар. Сонымен қатар, желдің бағыты да өзгерген сайын жұмысшыларға жұмыс жасауға кішкене қиыншылықтар тудыруда. Дегенмен де 24 сағат тоқтамай жұмысты атқарудамыз.