$514.93 €536.04 ₽5.18
×

Наурыздан бастап Қостанай мектептерінде бірыңғай ас мәзірі енгізілмек

AstanaTV
19.02.2016ж. 20:00
2513
Наурыздан бастап Қостанай мектептерінде бірыңғай ас мәзірі енгізілмек

Бір баға. Бірыңғай ас мәзірі. Біркелкі талап. Наурыз айынан бастап Қостанай мектептеріндегі асханаларға осындай  жаңа ереже енгізілмек. "Жалпыға ортақ талаптың  тиімді тұстары көп", - дейді ұстаздар мен ата-аналар. Заңғар Санай сабақтайды.

"Білім ошақтарындағы асханаларға бірыңғай ас мәзірін енгізу арқылы астан ұшыну фактілерін азайтуға болады", - дейді білім бөлімінің өкілдері. Ереже енгізілген соң, шаһардағы барлық мектеп асханаларына қойылатын талап күшейіп, шәкірттерге берілетін тамақтың құнарлылығы мен сапасы қатаң қадағалауға алынады.

Данагүл Сүйіндікова, Қостанай қалалық  білім бөлімі басшысының орынбасары:

Ас мәзірін біз қадағалап отырамыз. Бүгін, мысалы, мынадай ас беріледі. Сейсенбі басқа дегендей. Сондықтан, біріншіден, бізге өте жақсы, қолайлы, ыңғайлы болары сөзсіз.

Қостанайдағы нөмірі бірінші мектеп-лицейде 1400-ге жуық бала оқиды. Соның 90 пайызы мектеп асханасынан тамақтанады.

Білім бөлімінің игі бастамасын ата-аналар мен ұстаздар қауымы қолдап отыр. Жаңа талапқа сай ата-аналардан құралған арнайы комиссия мүшелері  апта сайын, тамақтың сапасын тексеріп,  дәмін тата алады.

Сәния Шәріпова, Қостанай қаласы № 1 мектеп-лицейінің директоры:

Баланың жас ерекшелігіне сәйкес тамақ дайындалады, санитарлық талаптарға сай, оқушылардың денсаулығына бағытталған тағамдар ұсынылады. Сондықтан барлығы қолдап жатыр.

Ирина Маслаускас, ата-ана:

Жақсы бастама  деп ойлаймын. Өйткені ата-ана да, оқушы бала да, қай күні қандай тамақ жейтінін, қандай баға екенін, жатқа біліп жүретін болады.

Бірақ әзірге астың бағасы белгісіз. Ал жаңа ереже тек аспаздарға жақпай отыр. Бұған дейін қалаған асын ұсынып келген олар, енді қалалық білім бөлімінің қаулысына сәйкес тамақ дайындауы тиіс.

Жаңыл Серікбаева, аспаз:

Талап бойынша тағамның түр-түрін дайындауымыз керек. Бұдан былай кішкентай балаларға бөлек тамақ, үлкендеріне басқа ас мәзірі керек. Жұмысымыз көбейгелі тұр. 

Заңғар Санай, тілші:

Наурыз айынан  бастап Қостанайдағы 33 мектептің барлығына жаңа ереже енгізіліп, оқушылар бірыңғай мәзірдің  дәмін татады. Қаладағы білім ошақтарының түгелінде астың бағасы да біркелкі болады. Дәл осы сәтте шәкірттерді тамақпен қамтамасыз етіп отырған 5 кәсіпкердің қызметі сынға түспек.

Заңғар САНАЙ