Қызылорда облысында «Байтақ» жасылдар партиясының республикалық эко-керуені жолға шықты. Акцияның ресми ашылуы Арал қаласындағы «Балықшылар аллеясында» өтті. Шара барысында жергілікті белсенділерге партия туы табысталды. Қатысушылар жалауға өз қолтаңбаларын қалдырып, бұл сәтті естелікке айналдырды. Керуен елдің алты облысы мен республикалық маңызы бар екі қаланы қамтып, Астанада түйінделеді. Он күндік сапар барысында партия өкілдері тұрғындармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаны таныстырады. Сонымен қатар әр өңірдегі экологиялық және әлеуметтік мәселелерді талқылау жоспарланған.
АЗАМАТХАН ӘМІРТАЕВ, «БАЙТАҚ» ЖАСЫЛДАР ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Заң мен тәртіп, яғни елімізде сапалы заңдар болу керек және сол заңдар орындалу керек, іске асу керек. Міне, осы жұмыста қоршаған ортаны қорғау мәселесінде «Байтақ» жасылдар партиясының орны маңызды.