Атырауда ЭНСИОСИ компаниясының мердігер мекемесі жұмысшылары өтемақысын ала алмай жүр. Мердігер компания Қарабатандағы зауытқа күрделі жөндеу жүргізу үшін жұмысшылар жинаған. Алайда жөндеу кейінге қалып, ЭНСИОСИ әр қызметкерге 750 мың теңге көлемінде бір жолғы төлем төлеу туралы шешім қабылдаған. Бірақ әлі күнге дейін бір тиын да алмадық,- деген наразы жұмысшылар мекеме кеңсесіне барып, талап етті.
Бұлар – НСОС компаниясының мердігері PSI мекемесінің бұрынғы жұмысшылары. Жұмыс берушінің табалдырығын тоздырып өзімізге тиесілі қаржыны ала алмай жүрміз,- деп өкпелі. Айтуларынша, былтыр жұмысқа кіріп, күрделі жөндеуге дайындықты бастаған. 1 маусымнан басталуы тиіс құрылыс аяқ асты кейінге қалған соң жұмыстан босап қалыпты. НСОС компаниясының бір жолғы төлемі туралы жұмыс берушілерден емес, өзге мердігер мекемедегі таныстарынан естіп, талап ете бастапты.
ФАРХАТ САҒЫН, ОҚШАУЛАУ МАМАНЫ:
Бұған дейін бізден басқа компаниялардың бәріне аударылған. Енді ол НДС бәрін ұстап келгенде 523 000-нан, жаңағы жұмыстан аяқастынан шығып тұрмыз ғой біздер босап, сол кісілерге бәріне берген. Енді біздің компания қалып тұр. Енді бір айға жуық уақыт болды. Бұл кісілер енді «береміз» дейді. «Бізде список бойынша НСОСға жіберіп жатырмыз» дейді. «НСОС ақша аудармай жатыр» дейді. Біз соны білгіміз келіп тұр да. Бұл кісілерге ақша аударылды ма, әлде аударылған жоқ па? Бізге беріле ме, берілмей ме?
ТӨРЕМҰРАТ ЕРМЕК, ҚҰРЫЛЫС САТЫСЫН ҚҰРУШЫ:
Осыдан екі апта бұрын ба, жігіттер осы араға жиналып, осындай айқай-шудан кейін оларға бәріне ақшаның бәрін төлейді. И төлегенде оларға айтқан: «Біз сіздерге ақшаны төлейік, бірақ ешкімге айтпайсыздар» деп. Список шығарып қойдық, сіздер «екінші поток» дейді. Оны айтқанға екі апта болды өзі. Алыстан келіп тұрған жігіттер бар сол ақшасын алайын деп.
Жұмысшылар бұған дейін еңбек инспекциясына арызданған. Мамандардың айтуынша, НСОС компаниясы шілде айында ақшаны мердігер компанияға аударып үлгерген.
КЕМЕЛ ИМАНҒАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИСНПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
PSI компаниясына 532 адам жұмылдырылған, солардың өтемақылары NCOC тарапынан мекемеге аударылған, шілде айында. Қазіргі уақытта PSI компаниясы бүгінгі күнге 261 қызметкеріне ол өтемақыны төлеген, қалған қызметкерлерге осы тамыз айының 10-на дейін төлеу жоспарланып отыр. Осы шілдеде біздің департаментке ұжымдық шағым түсірді. Осы шағым негізінде біздер де қазір бақылауға алып, бұл мәселені қарастырып жатырмыз.
Алғашында тілшілерге қандай да бір ақпарат беруден бас тартқан компания өкілі жұмысшылармен тілдесуге тырысты. Бірақ бұған дейін де орындалмаған уәдеден көңілі қалған жиналған топ сөздеріне сене қоймады. Кейін өтемақыны не үшін кешіктіргенін айтты. Біз жуықта жұмыстан босатылатын қызметкерлердің өтемақысын төлеуге басты басымдықты бердік,- деп ақталды.
ТИМУР ХАДЖИЕВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:
Бұл - еңбек дауы емес, бұл компаниядағы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек шартымызда көрсетілмеген. Біздің тапсырыс беруші тараптан төленетін өтемақы. Біз бұл төлемді алуы тиіс адамдардың белгілі бір тізімін бекіттік. Олардың жартысы алып үлгерді. Ал екінші жартысы бойынша қазір тексеріс жүріп жатыр, таяу күндері оларға да ақша түседі. Сонымен қатар, тізімге кірмей қалғандардан да біз бас тартпаймыз.
Бұдан өзге аталған компания соңғы бірнеше ай бойы жұмысшылардың зейнетақы және медициналық әлеуметтік сақтандыру төлемдерін аудармаған екен. Сондықтан дәрігерге қаралмақ түгілі, жұмыссыздыққа тіркеле алмай жүрміз,- дейді наразы топ. Айта кетейік, НСОС компаниясы күрделі жөндеуге 42 компания бойынша 8 мыңға жуық адамды жұмылдыру көздеген. Бүгінгі күні 29 мекеменің 7 мыңға жуық жұмысшысына өтемақы төлепті.