$467.48 €539.52 ₽5.73
×

14 қыркүйектен бастап тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі өзгереді

AstanaTV
06.08.2026ж. 19:00
14 қыркүйектен бастап тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі өзгереді

Елде тұрғын үй кезегіне қоюдың жаңа тәртібі енгізіледі. Енді 50 пайыз немесе одан көп үлесі бар азаматтар мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұра алмайды. Ал баспананың жартысынан аз үлесіне иелік ететіндерге бұл шектеу қолданыла ма? Бұрыннан кезекке тұрғандар не істейді? Сержан Айтжан анықтап көрді.

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Баспана бұқараның басты арманы. Бірақ 14 қыркүйектен кейін сол арманға жетудің тәртібі өзгереді. Енді тұрғын үй кезегіне тұру үшін тек баспанасыз болу жеткіліксіз. Жүйе өтініш берушінің ғана емес, отбасы мүшелерінің де мәліметін тексереді.

Жаңа ережеге сәйкес, азаматтың немесе оның жақындарының атында тұрғын үйдің 50 пайыз немесе одан көп үлесі болса, ол баспанаға мұқтаж ретінде тізімге енбейді. Ал үлесі мөлшерден аз немесе мүлде баспанасы жоқ болса, бұрынғыдай кезекке тұра алады. Солардың бірі Байтұрсын Смағұлов.

БАЙТҰРСЫН СМАҒҰЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен где-то 6 жылдай болды. 6 жыл мөлшерінде. Енді бұйырса алып қалам ба деген ойдамын. Жеке жеке адамның өзі жеке болғаны дұрыс қой. Әр адамның тағдыры әртүрлі. Ол жас балаларға жастарға болашақ үйлерін бөлек алады. Үлкен кісілердікі бөлек болу керек.

Сондай-ақ, бұған дейін банк тұрғын үйді әрбір отбасы мүшесіне 15–18 шаршы метрден есептейтін. Бірақ, көпбалалы отбасылар үшін 90–100 шаршы метрден асатын пәтерлер жетпей, кезегі келгенімен, сәйкес келетін тұрғын үйдің болмауы сияқты жағдайлар орын алатын. Енді пәтердің шаршы метрі емес, отбасы құрамындағы адам саны мен бөлмесі ескеріледі. Қыркүйектегі өзгеріс мұнымен бітпейді.

МАРХАБАТ СЫНАСАПОВА, ОТБАСЫ БАНКІНІҢ PR МЕНЕДЖЕРІ:

Жетім балалардың құқықтарын қорғау күшейтіледі. Яғни14 қыркүйектен бастап, мысалы ол балалардың қамқоршылары немесе қорғаншыларының күші жойылған жағдайда балалардың бастапқы кезекке тұрған уақыты сақаталады. Және де жаңа есепке тұру барысында бастапқы кезекке тұрған күні, айына сәйкес өз кезегін ары қарай жалғастыра алады.

Жаңа талаптар мемлекеттік қолдауды шынымен баспанаға мұқтаж азаматтарға бағыттауға арналған. Дегенмен, тұрғын үйге ортақ үлеспен иелік ететін немесе мұрагерлік арқылы үлес алған азаматтар арасында түрлі сұрақ туындауы мүмкін.

АЛЬБИНА БАҚТИЯРҚЫЗЫ, ЗАҢГЕР:

Бізде мынау белгіленген заңдық мұрагерлер бар, одан кейін завещание дейміз ғой. Сол арқылы алатын мұрагерлер бар. Яғни осы тұрғыдан, сол мұра қалған мүліктің 50 пайыздан астамына иелік ететін болса, яғни өзі қабылдап, соның иесі танылатын болса, онда әрине бұл да мүлік ретінде қарастырылады. Өйткені, ол мүлік қой.

Қазір тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтардың 70%-ы ғана дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім берген. Ал бұл өз кезегінде тұрғын үйді бөлу үдерісінің жылдамдығы мен дұрыстығына елеулі әсер етеді.