$467.48 €539.52 ₽5.73
×

«Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирінде фиджитал-би кезеңі басталды

AstanaTV
06.08.2026ж. 19:00
«Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирінде фиджитал-би кезеңі басталды

Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны тоғыстырған «Болашақ ойындары 2026» халықаралық турнирі өтіп жатыр. Бүгін көрермен назары ең ерекше әрі тартысты бағыттардың бірі - «Фиджитал биге» ауды. Сайыс қандай форматта өтеді? Қанша спортшы қатысып жатыр? Аяулым Изатқызы айтады.

Көзімнің қарасы,

Компьютердің санасы

Цифрлық би билеп жүр

 Бүгінгінің баласы.

"Болашақ ойындарының" би кезеңі басталды.

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Егер сіз  фиджитал биді жай ғана видеоойын деп ойласаңыз, қателесесіз. Бұл - нағыз спорт.  Бір қарағанда тойдағы би жарысты еске салады.

Бірақ айырмашылығы - тойда ағайынның қолпаштауы маңызды болса, мұнда сізді компьютер бағалайды.

"Болашақ ойындарының" басты концепциясын айшықтайтын  бәсекеде түрлі елден келген 16 спортшы бақ сынайды. Екі рет жеңілген спортшы турнирден шығады. Әр матч екі жеңіске дейін созылады. Бетпе-бет келген спортшылар жеребе арқылы 5 трекен әрқайсысын бір тректен алып  тастап, қалған үшеуінің орындалу ретін таңдайды. Осыдан кейін ғана цифрлық симуляторда бақ сынайды.

КОНСТАНТИН ФОМИНИХ, ҚАТЫСУШЫ:

Бірінші биде көрсеткіш бойынша рекорд қойдым. Екіншісінде тізені өте жылдам қозғалту қажет болды. Сол жағынан қиын болды. Әр қимыл-қозғалыста шоудың элементтері бар. Мен де осы шоуға өз үлесімді қосқым келді. Сондықтан барымды салдым.

Цифрлық симулятордан кейін қатысушылар сахнаға шығып, қазылар алқасының алдында толыққанды шоу көрсетеді. Жеңімпаз екі кезеңнің де ұпай қосындысы бойынша анықталады. Мұнда жоғары ұпай жинау үшін артистизммен қатар, физикалық төзімділік те аса маңызды. Әсіресе, мұхит асып келген спортшыларға уақыт белдеуінің ауысуы оңай тимей жатыр.

ФРАНКО ВИТАЛИ, ҚАТЫСУШЫ:

Мен Аргентинадан келдім, арамызда 8 сағаттық айырмашылық бар. Ол жақта қазір түнгі 3. Жарыс алдында ұйықтай алмадым, уақыт белдеуі қатты әсер етті. Сонда да өзімді 100 пайыз көрсеттім. Өз деңгейімді дәлелдей алдым.

Фиджитал-би додадағы ең жас сайыстардың бірі болса да, өзінің ерекше форматымен көрерменді баурап үлгерген. Мұнда ырғақ пен жоғары технология қатар өріліп, көрерменге ерекше әсер сыйлайды.