Батыс Қазақстан облысында өзін электр желілік компаниясының қызметкері ретінде таныстырған алаяқтардың арбауына түскен әйел ірі көлемдегі ақшалай қаражатынан айырылды. Полиция тұрғындарды мұндай қоңырауларға сақ болуға шақырады.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті тұрғындарды электрмен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлері ретінде хабарласып, алаяқтық жасайтын қылмыскерлердің жаңа айла-тәсілі туралы ескертеді. "Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы" ЖШС мәліметінше, соңғы уақытта өзін компания қызметкері ретінде таныстырып, электр энергиясын есепке алу құралын ауыстыру, тексеру немесе салыстырып тексеру қажет екенін айтып қоңырау шалатын алаяқтық деректері жиілеген. Олар азаматтардан ұялы телефонға келген SMS-хабарламадағы растау кодын, жеке мәліметтерін немесе банк картасының деректерін сұрайды. Осындай алаяқтықтың құрбаны 20 шілде күні Батыс Қазақстан облысының тұрғыны болды. Белгісіз адам өзін электр желілеріне қызмет көрсететін ұйымның қызметкері ретінде таныстырып, электр есептегішін тексеруге өтінім рәсімдеу үшін ұялы телефонға келген SMS-кодты сұраған. Әйел оның сөзіне сеніп, растау кодын айтып берген. Біраз уақыттан кейін оған қайта хабарласқан алаяқтар бұрын берілген код үшінші тұлғалардың қолына түскенін және оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Олар ақшаны "сақтап қалу" сылтауымен әйелді өз атына несие рәсімдеуге, кейін алынған қаражатты "қауіпсіз шотқа" аударуға көндірген. Соның салдарынан жәбірленуші ірі көлемдегі қаржысынан айырылды.