$510.08 €539.61 ₽5.15
×

Алматыда ЖОО туберкулезбен ауырған студенттер ұзақ ем қабылдайды

AstanaTV
01.03.2018ж. 20:00
3647
Алматыда ЖОО туберкулезбен ауырған студенттер ұзақ ем қабылдайды

Алматыда студенттердің туберкулезге шалдығу оқиғасына байланысты жаңа деректер анықталды. Әл-Фараби атындағы Ұлттық Университетте соңғы екі жылда 13 студент құрт ауруын жұқтырып, ем қабылдаған. Олардың төртеуі туберкулездің ашық түрімен ауырған. Бірақ ешқайсысы оқудан аластатылмаған. Тиісті емін алған соң, оларға қосымша әлеуметтік жәрдемақы тағайындалыпты. Ришат Асқарбекұлы толықтырады.

Еліміздегі ең беделді жоғарғы оқу орнында 20 мыңға жуық студент білім алады. Жыл басынан бері бір студенттен туберкулездің жұқпалы формасы анықталған. Университет өкілдерінің айтуынша, бұл теңізге тамған тамшыдай. Ал аудандық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының мамандары оқу орнында өткен екі жылда 13 тәлімгер ауырғанын алға тартады. 

Эрнест Қалиев, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ «Керемет» медицина орталығының директоры:

Барлығы тиісті емін алды. Науқастармен араласқан студенттер жіті тексеріліп, қазір дәрігерлердің бақылауында. Тәуекел тобына жатқандықтан, жоспарлы флюорографиялық тексеруден өтіп тұрады. Алаңдауға еш негіз жоқ.  

Биыл ақпанда қысқы демалыстан оралған студенттің қауіпті дертке шалдыққанын ұлттық университеттің өз дәрігерлері анықтаған. Екінші курс студенті бір ай бойы Оңтүстік Қазақстан облысында ата-анасының қасында болған. Туберкулездің жұқпалы формасына шалдыққан қыз бала қазір диспансерге жатқызылыпты. 

Гүлшара Ақбаева, Алматы ауданаралық ересектер туберкулез диспансерінің бөлім меңгерушісі:

Тексеру барысында қыздың жақын туыстары осы диагнозбен емделіп жүргені белгілі болды. Яғни ағасы мен әпкесінен дерт анықталған. Әкесі де диспансерде тіркеуде тұрады. Біз бұл науқасты интенсивтік емдеу бағдарламасымен бақылауға алдық.

Биыл осы дертпен ауырған Қазақ аграрлық университетінің студенті де 6 айлық емдеу курсын бастаған. DOTS бағдарламасымен тиімді ем жүргізілсе, толық жазылуына мүмкіндік бар, дейді мамандар. Ал әл-Фараби атындағы ұлттық университет өкілдері туберкулез таяқшасы табылған студенттердің ешқайсысын оқудан шығармай, әлеуметтік жәрдемақы тағайындапты. Қазір білім ошағында студенттер мен оқытушыларды жаппай тексеруден өткізу шарасы жүріп жатыр. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Мамандар құрт ауруының жастарға да ауыз сала бастағанына алаңдаулы. Өткен жылы Алматыда 600 адам осы дертке шалдықса, оның 10 пайызын студенттер құраған. Ал өткен бір жарым айда шаһардағы оқу орныдарында тағы 8 жастың Кох таяқшасын жұқтырғаны белгілі болды. Ең қорқыныштысы, олардың көбі - дерттің жұқпалы формасын тасымалдаушылар.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ