$465.74 €537.23 ₽5.62
×

БЖБ мен ТЖБ енді болмайды

AstanaTV
11.08.2026ж. 19:00
БЖБ мен ТЖБ енді болмайды

Жаңа оқу жылынан бастап 2,3,4 сыныптарда БЖБ мен ТЖБ болмайды. Бастауыш сыныптың ұстазы балаларды бағалау үшін 4 мыңға жуық ақ парақ пен оны тапжылмай тексеруге 112 сағатын жұмсайды екен. Әрине, баланың білімін тексеру орынды. Бірақ оқушы бір сәттік сынақтан жоғары алса немесе сүрінсе не болады? Тілші тарқатсын.

Балаларды бағалау он жыл бұрын жаңа жүйеге көшті. Диктант пен шығарма, бақылау мен мазмұндаманы бжб мен тжб алмастырды. Алайда сынақтың саны азайса да, мұғалімнің жүгі жеңілдемеді. Керісінше қағазбастылық еселеп артты.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Бастауыштың ұстазы оқу жылы бойы БЖБ және ТЖБ өткізу үшін 4 мыңға жуық кәдімгі ақ қағаздың парағын жұмсайды екен. Тексеруге кететін уақыты 112 сағат  шамамен осы уақытты құрайды екен. Ұстаздарымыздың арасында, ата-аналарымыздың арасында СОР және СОЧ деп аталып кеткен бөлім жөніндегі жиынтық бағалау, сонымен бірге тоқсандық жиынтық бағалауды алып тастау бойынша жұмысты бастадық.

Ұстазға түсер жүктеме бір төбе. Баланы бағалап, білімін саралау тағы бір мәселе. Қазір қорытынды бағаның 50 пайызы ТЖБ-ға, қалған 50 пайызы күнделікті оқуы мен бөлім бойынша жиынтық бағалауға байланысты қойылады. Алайда кейде озат оқушы сүрініп, үлгерімі нашар шәкіртке сәттілік жолдас болады.

ӘСЕЛ МҰСАБАЕВА, БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ:

Дайындалуым керек деп сол сәтті ғана ойлап жүрмей әрбір күні дайындық қажеттігін сезінсе. Ал мұғалім оқушыдан осы бір бжб-ның, ТЖБ- ның сәтінде оқушым жақсы жауап беріп, жақсы баға алса екен деген сол нәтижені күтпей оқу жылы барысында күнделікті білім беруді жүйелеп жүргізсе.

Әлем елдері бағалауға келгенде түрлі тәсіл қолданады. Кей мемлекеттерде кіші сынып оқушыларына баға қоюдың орнына олардың оқу барысын бақылап, жетістігі мен қиындықтарын сипаттап отырады. Яғни басты назар – баланың нақты бір сәттегі бағасына емес, білім алудағы ілгерілеуіне аударылады.

АЯН ДАУЛЕТОВА, ПЕДАГОГ-ПРОФОРИЕНТОЛОГ:

Бағалаудағы ең бірінші көрсеткіш маркер деп атаймыз. Ол баланың бағасы 5,3,4 немесе БЖБ, ТЖБ кезіндегі баллы өте маңызды. Бірақ бұл жердегі педагогтар ең бірінші білу керек мәселе баланың балы көп жағдайда психологиялық қысымды да алып келеді, балаға мотивациялық шабытты да алып келеді.

Енді бастауыш сыныптар қазақ тілінен диктант, мазмұндама, шығарма жазса, математикадан бақылау жұмыстарын орындайды. Ал оқушының дәптері бағалаудың бір бөлігіне айналады.