$465.74 €537.23 ₽5.62
×

Шымкентте Абай күніне арналған мәдени-рухани іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылды

Шымкентте Абай күніне арналған  мәдени-рухани іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылды

Шымкентте Абай күніне арналған  мәдени-рухани іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылды. Қаланың әр жерінде концерттер ұйымдастырылды. Жұртшылық  Абай әндерін орындап, ұлы тұлғаның рухын асқақтатты.

Айтулы күнгі шара Абай саябағындағы ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұл күні қатысушылардың назарына Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған мәдени-танымдық бағдарламалар ұсынылды.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Абай атамыз сонау соқтықпалы соқпақты кезде өссе де осы қазақ қоғамына мәңгілік мұра болатындай еңбек қалдырды. Қазақ қоғамын жеткілікті түрде зерделеп, зерттеп жалпы қазақтың бойындағы  жақсы менен жаман дүниені барлығын тізіп айтты. Сондықтанда Абай атамыздың мұрасы біз үшін мәңгілік бола бермек. 

Мұнан соң жиылған топ «Хәкім Абай» музейіне экскурсия жасады. Бұл күні сонымен қатар ұлы ақынның шығармашылық мұрасы мен рухани ойларын дәріптеуге арналған «Абай әлемі» ашық есік күні  өтті.  Мұнда келушілер «Абайдың асыл мұрасы» көрмесімен, «Көркем әлемдегі Абай» картиналар көрмесімен және «Абайды оқы, таңырқа!» кітап көрмесімен  танысты. Іс-шара барысында Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасы, философиялық ойлары мен адамгершілік қағидаларының бүгінгі қоғам үшін маңызы кеңінен насихатталды.

АҚЖОЛ ҚАЛШАБЕК, М. ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҚЗУ «АБАЙТАНУ ЖӘНЕ МҰХТАРТАНУ» ҒЫЛЫМИ –ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз он жылдың көлемінде «Абайтану-Мұхтантану» орталығында Абайдың 5-6 кітап бердік. Көбінесе біз соңғы кезде тек сонымен айналыстық. Абайдың бүкіл шығармаларын, Нұрсейіт Бөкеұлының қосымшаларының бәрін жинап, соны салыстыру негізінде Абайдың  45 баспа табақ 700 беттен аса кітабын шығардық. Бұл жерде Абай жаңаша көрінеді.

Қалалық опера және балет театры Абай әлемі тақырыбында «Адамзаттың перзенті – Ұлы Абай» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. «Шым сити» саябағындағы концерттік бағдарлама барысында Абайдың әндері мен шығармалары орындалды.