Трампқа қастандық жасалды. Бірақ, Құпия қызмет дер кезінде араласып, Президентті басқа ұшақпен алып кетті. Қауөсетке айналған құпияның бетін Ақ үй басшысының өзі ашты. Ресей тағы да солтүстік кореялық әскерлерді көмекке шақырмақ. Украина Президенті Владимир Зеленский осындай мәлімдеме жасады. Колумбияда жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 254-ке жетті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Түркия астанасы Анкарада бір ай бұрын өткен НАТО саммитінде Трампқа қастандық жасалды. Бірақ, АҚШ Құпия қызметі, яғни, Трамптың жеке күзеті ұшақ ауыстырып үлгеріп, Президентті уақытынан бұрын эвакуациялаған. Кейбір бейресми мәліметтер бойынша, бұл қастандықтың артында Иран тұр. Көптен бері, батыс басылымдарының көкейінде жүрген сұраққа Трамптың өзі жауап берді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен бастапқыда бұл туралы білмедім. Бірақ, барлығы мәлім болғанда да қалғым келген. Себебі, басқа да жұмыстарым, әріптестермен кездесуім жоспарланған. Алайда, Құпия қызметке бағынуым тиіс. Әлбетте, Иранға сенуге болмайды. Олардың дәл осындай қастыққа баруы мені таң қалдыра қоймады.
Ресей Украинамен соғысқа қайтадан солтүстік кореялық сарбаздарды тартайын деп жатыр. Бұл туралы Владимир Зеленский мәлімдеді. Сонымен қатар, Украина басшысы Ресей өз көршісінен әскери техника алуы да ғажап емес екендігін жеткізді. Осылайша, Зеленский, бұның арты Оңтүстік Корея мен Жапонияға да қауіп төндіруі мүмкін екенін айтуда.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Ресей тарихында алғаш рет мүшкіл жағдайда қалды. Енді олар Солтүстік Кореясыз соғыс жүргізе алмайды. Бұл – біздің басымдығымыздың айқын көрінісі. Барлау қызметтерінің мәліметінше, 50 мың солтүстік кореялық сарбаз күтілуде. Оларға тиісті инфрақұрылым да салынып жатыр. Одан бөлек, Ресей Солтүстік Кореядан баллистикалық зымыран да сұратып жатыр. Себебі, өздерінің зымыран шығаратын қауқарлары қалмады. Сондықтан, біз Азия мемлекеттерін күш біріктіруге шақырамыз.
Колумбияда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 254-ке жетті. Зілзала перейра мен Кали қалаларында қатты сезілді. Құрбандар мен зардап шеккендер де осы қалалар тұрғындары. Құтқарушылар үйінді астынан тірі жандар табу үшін жанталасып жатыр. Бірақ, құтқарушылар да, техника да жетіспей жатыр.
МАЙКЛ ШМИЦ, ГЕОФИЗИК:
Дәл осы Кали, Перейра, Манисалес қалаларында 1999-ы жылы мыңдаған адамның өмірін жалмаған жойқын жер сілкінісі болған еді. Зерттеулерге қарасақ, ол кезде зілзала жер қатпарларының бетінде болса, осы жолы литосфералық плиталардың ішінде болды. Бұл дегеніміз, бүкіл Оңтүстік Америка құрлығына болашақта бұдан да асқан қауіп төнеді.
Сирия Жоғарғы соты бұрынғы мемлекет басшысы Башар Асадқа сырттай өлім жазасын кесті. Естеріңізге сала кетсек, 2024-і жылдың соңында Ахмед Аш-Шараа бастаған жойқын шабуылдардан кейін, экс-президент Ресейге қашуға мәжбүр болған еді. Башар Асад адамзатқа қарсы қылмыс, әскери қылмыс және басқа да ауыр айыптар бойынша кінәлі деп танылды.