Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков бастаған 5 адам ақша жымқырды деген күдікпен ұсталды

AstanaTV
02.03.2018ж. 20:00
3065
Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков бастаған 5 адам ақша жымқырды деген күдікпен ұсталды

Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков ақша жымқырды деген күдікке ілікті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі хабарлады. Түске дейін Энергетика министрлігінде тінту жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын. Кейін 1 миллиард теңге тәркіленгені белгілі болды.

Ұлттық бюро мәліметіне сүйенсек, Энергетика вице-министрі бастаған 5 адам Шучинск-Бурабай курортты аймағындағы көлді тазарту үшін бөлінген қаражатты жымқырған. Хабарламада "ол үшін "Аймақ" ЖШС мердігер ұйымының басшысымен қылмыстық келісім жасалған" делінген. Осындай күдікпен вице-премьерден өзге, Энергетика министрлігінің департамент басшысы мен мердігерлердің өкілдері ұсталған.

Нұрлан Жахин, ҚР МҚІ және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

Сәдібековпен қол қойылған жалған актілер бойынша Энергетика министрлігімен 2017 жылы көлемі аса арттырылған атқарылған жұмыстарға жалпы сомасы 3,6 млрд теңге төленген. Аталған қаражаттың 1 млрд теңгесі қолма-қол алынған және жымқырылған. Ол қаражат тінту барысында табылып, алынған. Бұдан бөлек, 2018 жылға көлді тазартуға бөлінген 1,5 млрд ақша қаражатының жымқырылуы тоқтатылды. Сәдібеков, Нұрбеков, Дуанбек, Жұмалинов және Қадырберлин ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.