$465.08 €536.52 ₽5.56
×

Путин: «Егер Еуропа елдері заңсыз әрекеттерін тоқтатпаса, оларға жауап қайтарамыз»

Путин: «Егер Еуропа елдері заңсыз әрекеттерін тоқтатпаса, оларға жауап қайтарамыз»

Колумбиядағы жойқын жер сілкінісі құрбандарының саны 265-ке жетті. Билік көмектесеміз деп уәде еткенімен, жергілікті жұрт, мәйітханаларда жаппай наразылық ұйымдастырды. Олардың айтуынша, билік жұмыстарына атүсті қарап отыр. Колумбия зілзаладан ес жимай тұрып, наркокартельдермен күресу үшін АҚШ әскерін кіргізуді сұраған. Ақ үй бұл өтінішті қанағаттандырды. Ресей Президенті Владимир Путин Еуропа елдеріне қайта сес көрсетті. Мұнай тасымалдағыш танкерлерге тиісуді доғармасаңдар, еуропалық кемелерді тонаймыз, - деді Путин. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

АҚШ Ормуз бұғазын толық бақылауға алды. Трамптың айтуынша, енді АҚШ әскері бұл аймақтан кете қоймайды. Ақ үй басшысының бұл мәлімдемесінен кейін нарықтағы мұнай бағасы да едәуір арзандады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

АҚШ Ормуз бұғазын толық бақылауға алды. Менің ойымша, біз енді бұл мекеннен ешқашан кетпейміз. Көпшілік біздің теңіз блокадамызды – «Болат қабырға» деп атап жатыр. Иран бізге дым істей алмайды. Әр жерден үрген сүмірейген бұл иттер, жалған ақпар таратудан басқа қолдарынан дым келмеді.

Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 265-ке жетті. Бірақ, құрбандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі, 496 адам іс-түссіз жоғалғандар тізімінде. 3494 адам жарақат алды.

АБЕЛАРДО ДЕ ЛА ЭСПРИЭЛЬЯ, КОЛУМБИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл жағдай елімізде өте қиын жағдайда қалдырды. 11 мыңнан астам тұрғын үй қирап қалды. 53 мың үй зақымданды. 140 мемлекеттік мекеме опырылып түсті. 600 астам мектеп пен өзге білім беру мекемелерінің қабырғасы түсіп, өзге әлеуметтік 140 мекемеге де залал келді. 203 жол жарылып, 1 көпір құлады. Бұл апатты еңсеруге бар күшімізді саламыз.

Бірақ, Колумбия халқы билікке наразы. Олар, қаза болған жақындарының денелерін мәйітханалардан ала алмай отыр. Айтуларынша, мәйіттерге дұрыс күтім көрсетілмеген. Жақындарын жерлемей жатып, денелердің түгі қалмай ма деп уайымдауда. Ал, шұғыл қор құрып, баршаға көмектесемін деп уәде еткен мемлекет басшысы уәдесін орындамады, - дейді ашынған жұрт.

МАРИЯ ФЕРНАНДЕС, КАЛИ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жердегі мәйіттер шіріп жатыр деуге болады. Мәйітхана қызметкерлері оларды мұздатқышқа салып жатқан жоқ. Білгендерін істеп жатыр. Дәрігер жетіспей жатыр, - дейді. Онда уақытылы, денені берсе, жерлей беретін едік қой.

Зілзаладан ес жимай тұрып, Колумбия билігі наркокартельдерге қарсы жаңа соғыс ашпақ. Бұл үшін, тіпті, АҚШ билігінен көмек сұраған. Ақ үй болса, бұл өтінішті қанағаттандырды. Бір қызығы, бұл жайт туралы көпшілік Колумбия билігі емес, Пентагон басшысы Пит Хегсеттен біліп отыр. Осылайша, АҚШ әскері алғаш рет Колумбия жерінде арнайы операция жүргізбек.

ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Колумбия Президенті бізге үлкен өтініш жасады. АҚШ әскері, Колумбиялықтармен бірлесе наркокартельдерге қарсы соғысады. Бұл біз үшін де тиімді. Себебі, барлық соғыстардан қарағанда, есірткіден әлдеқайда көп америкалық қаза тапты. Сондықтан, есірткінің шығатын жерінде ұрыс жүргізу тиімдірек болар еді.

Ресей Президенті Еуропа елдеріне қайтадан сес көрсетті. Владимир Путин, Кәрі Құрлық мемлекеттері ресейлік кемелерге қарсы әрекетін тоқтатпаса, тура сондай әрекетті өздеріне қарсы қолданамыз, - деді. Тіпті, еуропалық кемелерді де тонаймыз, - деп қорқытты. Естеріңізге сала кетсек, еуропалық Одақ ресейдің астыртын мұнай тасымалдайтын кемелерін тұтқындауға рұқсат еткеніне біршама уақыт болды. Артынша, Ұлыбритания мен Францияның жаға күзеті бірнеше мұнай танкерін тоқтатты.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірнеше еуропалық мемлекет халықаралық теңіз құқығын аяққа таптап, ойларына келгендерін істеп жатыр. Біздің кемелерді тоқтатып, ішіндегі бар дүниені тонап жатыр.Бұл бүтін бір мемлекеттің емес, нағыз содырлардың әрекеті. Әлбетте, бұған көз жұма қарай алмаймыз. Ресейлік кемелерге қарсы қастандық жалғаса берсе, біздің флот та жауап қайтаруға мәжбүр болады.

Канаданың батысындағы Британдық Колумбия штатында орман өртінің толастамай тұрғанына 1 аптадан асты. 20 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тілсіз жау 4 млн гектарды жалмап үлгерді. Төтеншеліктердің күші жетіспей тұрғандықтан, билік әскерді де жұмылдырды.