$465.08 €536.52 ₽5.56
×

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы төмендеді

2026 жылғы 12 тамыздағы жағдай бойынша, есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады.

Апта ішінде картоптың бағасы 4,2%-ға, ақ қауданды қырыққабат 1,2%-ға, алма 1,1%-ға, пияз бен сәбіз 1%-ға төмендеді. Сонымен қатар қатты және жартылай қатты ірімшік – 0,3%-ға, сүзбе мен тұз – 0,2%-ға, бірінші сұрыпты бидай ұны мен қаймақ 0,1%-ға арзандаған.

Ал бидай наны, рожки, сиыр және жылқы еті, сүт, жұмыртқа мен сары майдың бағасы өзгеріссіз қалды.

Өңірлер арасында бағаның төмендеуі Талдықорғанда – 0,7%, Ақтау мен Жезқазғанда – 0,4%, Петропавлда – 0,3%, Астанада – 0,2% болды. Қарағанды, Қостанай, Орал, Өскемен және Павлодарда баға 0,1%-ға төмендеді.

Республика бойынша картоптың орташа бағасы 1 келіге 259 теңге болды. Ең төмен баға Павлодарда – 191 теңге.

Ақ қауданды қырыққабаттың орташа бағасы – 189 теңге. Түркістанда – 142, Таразда – 152 теңге.

Алманың орташа бағасы 797 теңге, ал ең төмен баға Шымкентте – 639 теңге болды.

Ет өнімдерінің ішінде сүйекті сиыр етінің орташа бағасы 1 келіге 3 779 теңге, тауық етінікі – 1 736 теңге болды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі апта сайын есептеледі. Бағалар облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада бақыланады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 31 атауды қамтиды.