$465.19 €536.55 ₽5.61
×

Qazaqstan Barysy-ның мерейтойлық турнирі өтеді

AstanaTV
14.08.2026ж. 19:00
Qazaqstan Barysy-ның мерейтойлық турнирі өтеді

Ертең елордада Қазақстан барысы турнирі өтеді. 15 рет жалауын желбіреткен бәсекенің палуандар үшін бәсі басым. 2011 жылы басталған додада елдің түкпір түкпірінен жиналған спортшылар өнер көрсетті. Олардың ішінде Айбек Нұғымаров пен Бейбіт Ыстыбаев мықтылығын дәлелдеп, белдікті бірнеше рет тақты. Ал төл спорттың мерейтойлық турнирі несімен ерекшеленеді? Сержан Айтжан айтсын.

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Супертурнирдегі белдесулер де супер болатын секілді. Өйткені, боз кілемде алтын белбеу иегері атанған үш чемпионның кездесуі өтеді. Сонымен бірге Әскер барыстары мен әр өңірдің чемпиондары, бұған дейінгі жарыс жүлдегерлері де жиналған.

15 тамызға жоспарланған 15- турнирде 40 балуан бас жүлдеге таласады. Олардың ең жасы 20да болса, ең үлкені 37 жаста. Бағы мен бабы қатар сыналатын бәсекеде балуандардың аянып қалмайтыны анық. Бірі өткен турнирде кеткен есесін қайтарғысы келсе, бірі ірі турнирге бірінші рет қатысқалы тұр.

МАРЛЕН ЖАНҒАБЫЛ, ҚАТЫСУШЫ:

Өзіміздің облыста енді түйе палуандармен белдесіп көрдік талай енді. Бала кезден күресіп келе жатырмыз ғой. Бірақ мұндай 140-150 кг палуандармен күресіп көрген жоқпын. Бірақ 130-120 кг балуандармен күресіп көргем. Үлкен салмақтағы палуандармен күрескен емеспін.

МЕЙІРЖАН СЛАМШАИКОВ, ҚАТЫСУШЫ:

Барысқа екінші рет қатысуым. Өткен жылы қатысқам. Бірінші айналымда ұтылып қалдым. Өкінішке орай. Балуандардың бәрі мықты. Бөліп жаруға келмейді. Бәрі тыңғылықты дайындықпен келе жатыр. Өткен жылы Садуақас Бекарысқа есемді жібергем. Сонымен қайта шығып, есемді қайтарсам деймін.

Балуандар боз кілемге шықпас бұрын олардың киімдері жіті тексеріледі. Өйткені, 90 келіден жоғары салмақта белдесетін спортшылардың шапанына да үлкен күш түседі.

ОЛЖАС КЕНЕХАНОВ, ТӨРЕШІ:

Таза болу керек жыртылмаған болу керек. Және размері тура болу керек. Және шапанын шығатын кезде алып шығатын қасқырын барлығын ережеге сай тексереміз. Ауырлыққа шыдамай жыртылып кетуі мүмкін. Сол кезде ауыстыратын жағдайлар болады. Артық берен күртешелер дайын тұрады.

Төл спорт төрге озған турнирде шын мықты жеңіске жетеді. Бәйгеге енді қосылғандар тәжірибе жинайды. Тіс қаққан апайтөстер өз шеберлігін ортаға салары анық.