$461.39 €534.75 ₽5.45
×

Бали әуежайында қазақстандық бойжеткеннің жүгінен гашиш табылды

18.08.2026ж. 18:23
Бали әуежайында қазақстандық бойжеткеннің жүгінен гашиш табылды
Фото: BNNP Bali

Индонезияның Бали аралында Қазақстан азаматының жүгінен 1 келіден астам күмәнді гашиш табылып, ол есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталды.

The Bali Times басылымының ақпаратынша, Бали провинциясының Ұлттық есірткіге қарсы күрес агенттігінің мәліметінше, ұсталған әйелдің аты-жөні әзірге VM деген инициалдармен жарияланды. Ол 4 тамызда Бангкоктан Денпасарға келген рейсті тексеру кезінде қолға түскен.

Тінту барысында оның чемоданынан салмағы 1,079 келі болатын күмәнді зат табылған. Агенттік мәліметінше, зат киімдер мен аксессуарлардың арасына жасырылған пластик контейнердің ішінен шыққан.

Тергеу кезінде күдікті чемоданды Қазақстаннан келген басқа әйелдің бергенін айтқан. Оның сөзінше, Балиге барғаннан кейін жүкті белгісіз адамға тапсыруы керек болған. Алайда тергеушілер әйел көрсеткен делдалдың 2020 жылы Индонезиядан кетіп қалғанын анықтады. Қазір оның Қазақстандағы байланыстары және есірткі тасымалына қатысы болуы мүмкін өзге де адамдар тексеріліп жатыр.

Қазақстан азаматы күдікті ретінде қамауға алынып, BNNP Bali кеңсесінде ұсталып отыр. Оған Индонезияның 2009 жылғы №35 "Есірткі заттары туралы" заңының 111-бабы 1-тармағы бойынша айып тағылған. Бұл бап 4 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.