$460.13 €532.6 ₽5.42
×

Жыл басынан бері 25 мыңнан астам жұмыссыз азамат жәрдемақы алған

AstanaTV
18.08.2026ж. 19:00
Жыл басынан бері 25 мыңнан астам жұмыссыз азамат жәрдемақы алған

Жұмыссыз қалсаңыз, мемлекеттен 6 айға дейін қаржылай көмек алуға болады. Жыл басынан бері бұл төлемге 25 мыңнан астам азамат қол жеткізген. Жәрдемақы кімдерге тағайындалады? Оны рәсімдеудің жолы қандай? Аяулым Изатқызы айтып береді.

Елде ресми түрде 446 мыңнан астам жұмыссыз ретінде тіркелген. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры дәл осындай нәпақасынан айырылғандарды қаржылай қолдап, қаражат аударады. Жыл басынан бері 25 мың 600-ден астам отандасымыз жәрдемақыға ие болды. Алайда бұл қолдаудан жұмыссыз жүрген азаматтардың бәрі хабардар ма?

БЛИЦ:

 - Мен өзім білмейді екенмін негізінде, ақша берілетінін де білмеймін, естімегенмін шындығы.

 - Қазіргі таңда жұмыссызбын. Жұмыспен қамту орталығына кезекке тұрғанмын. Қазір енді төлем алуға құжаттарымды дайындап жатырмын.

 - Бірге жұмыс істеген жігіт жұмыстан шығып кеткен, сол кейін алды деп естідім.

Төлем алу үшін Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Алайда орталықта тіркелгендердің бәрі бірдей көмекке ие болмайды. Қордан қаражат алу үшін азамат соңғы 2 жыл ішінде кемінде 6 ай жұмыс істеп, жұмыс беруші тарапынан тиісті жарналар түскен болуы шарт.

ГҮЛБАҒИЛА БОЛАТБЕКОВА, "МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ" АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Соңғы екі жылда орташа айлығын есептейміз. Сондықтан соңғы екі жылда ең құрығанда 6 айға әлеуметтік аударымдары болуы керек. Және төлемнің мөлшері негізінен оның соңғы 2 жылдағы айлығына байланысты. Және еңбек өтіліне байланысты. Қанша жыл сол азамат үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жарналар түсіп отырды. Төлемнің көлемі негізі орташа айлығының 45 %-ын құрайды.

Өтінімді eGov.kz порталы, 1414 СМС-сервисі арқылы онлайн немесе ХҚКО мен Мансап орталығына барып қалдыруға болады. Құжаттар 8 жұмыс күні ішінде қаралады.

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жарты жыл жан бағуға қаржы береді екен деп шалқалап жатып алуға болмайды. Мемлекет тағайындайтын төлем тұрақты жұмыс тапқанша демеу. Керек десеңіз, Мансап орталығы өздері жұмыс ұсынады, тіпті жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік береді. Тіршілік істеуге талпынбасаңыз қолдау тоқтайды.