$458.23 €535.99 ₽5.46
×

Трамп: «Өзге елдердің Президенттеріне Ақ үйді көрсетуге ұяламын»

Трамп: «Өзге елдердің Президенттеріне Ақ үйді көрсетуге ұяламын»

Өзге елдердің Президенттеріне Ақ үйді көрсетуге ұяламын. Барлығы ескі-құсқы. Менің және АҚШ мәртебесіне бұл ғимарат сәйкес келмейді. Трамп осымен екінші рет Ақ үйдегі жөндеу жұмыстарын журналистерге жарнамалады. АҚШ Президенті жыл соңында Ким Чен Ынмен де кездесемін, - деп ресми мәлімдеме жасады. Трамптың айтуынша, Солтүстік Корея басшысы өте керемет адам. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Украинадағы өкілдігі Ресей дрондарының шабуылына жиі ұшыраймыз, - деп шағымданды. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамптың жан алысып, жан берісіп күрескен жобасы аяқталуға жақын. Құны жарты миллиард болатын Ақ үйдің жөндеу жұмыстары осымен екінші рет журналистерге көрсетілді. АҚШ Президентінің айтуынша, бірде-бір цент бюджеттен жұмсалмады. Қаржыландыруды ірі америкалық компаниялар жүргізді. Дегенмен, бұл құрылысқа Конгресс те, Жоғарғы сот та қарсы шығып, үкім шығарған. Алайда, Трамп оларды тыңдай қоймады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өзге Президенттерді Ақ үйде қарсы алғанда жан-жағыма қарап ұяламын. Аңыз Ақ үйлерің осы ма деп күлетін секілді. Осы олқылықты баяғыда түзегім келген. Локхид Мартин компаниясы әлемдегі ең үздік гранит тастарды орнатты. Одан бөлек, теңдессі жоқ тікұшақ қонатын алаң құрды. Скотс командасы болса, бүкіл көгалды алмастырды. Осы компаниялар өздері көмек ұсынды. Қалай риза болмайсың?

Трамп жыл соңына дейін Ким Чен Ынмен кездесетінін жеткізді. Айтуынша, екі ел арасында құпия келіссөз де жүріп жатыр. Естеріңізге сала кетсек, Трамп күні кеше Оңтүстік Корея Иранмен соғыста көмектеспеді деп ренішін жеткізген еді. Тіпті, бірлескен әскери оқу-жаттығу ауқымын кеміткен. Артынша, Оңтүстік Кореядан қарағанда, Ким Чен Ын жақсы, сонымен одақтас боламын-ау, - деген де пікір айтты.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ким Чен Ынмен осыған дейін екі рет кездестім. Ол өте керемет адам. Ең бастысы, оның 57 ядролық қарумен жабдықталған зымыраны бар. Ол екеуіміз бір-бірімізге ұқсаймыз. Екеуіміз де көреген, жасампаз саясаткерміз. Әлбетте, мен 2000-ы жылдары Президент болған кезде оған ядролық қару жасауға жол бермейтін едім. Қазір, Иранға қалай соғыс ашсам, Солтүстік Кореяны да жермен-жексен етер едім. Бірақ, менің алдымдағы мемлекет басшылары өте сауатсыз, надан адамдар.

Украинадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігі Ресейге қарсы алғаш рет ашық шағымданды. Айтуынша, бейбіт, гуманитарлық миссияларды Ресей тұрақты түрде дрондармен атқылап келеді. Том Флетчер бірнеше адамның зардап шеккенін де жеткізді.

ТОМ ФЛЕТЧЕР, УКРАИНАДАҒЫ БҰҰ МИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз Ресей соққыларынан зардап шеккен аудандарға барып, өз көзімізбен көріп, есеп жасағымыз келеді. Алайда, біздің көліктер аймаққа жақындай сала, төбемізде дрон жарыла бастайды. Бірнеше адам жарақаттанғаннан кейін, біз бас сауғалап, ғимаратта отыруға мәжбүрміз. Осы мәселе бойынша, тергеу жүргізілсін деп жақын арада мәселе көтермекпін.

Израиль әскері тағы 10 палестиналықты өлтірді. Иордан өзенінің Батыс жағалауы, яғни, Палестина жерінде жергілікті арабтарды қуып, онда еврей елді-мекендерін салу үшін Израиль тұрғын үйлерге әуе бомбаларын тастап жатыр. Бұл науқанның қызғанына 2 апта болды.