Елімізде 4 миллионнан астам оқушы бар. Оның 400 мыңдайы биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Жаңа оқу жылына санаулы күн қалды? Мектептер дайын ба? Үш ауысым мәселесі қалай шешімін табуда. Әйгерім Есенкелді айтып берсін.
Иә, жазғы демалыстың соңғы күндері де сырғып өтіп барады. Кезекті жаңа оқу жылына аяқ басамыз. Кыркүйекте 47 жаңа мектеп ашылады. Оның ішінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 20-ы іске қосылады. Салаға жауапты министрлік үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуде оң үрдіс бар екенін атап өтті.
АЙҚОЖА ӘБСАДЫҚОВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 54 үш ауысымды және 12 апатты мектеп мәселесі толық шешімін тапты. Сонымен бірге демографиялық өсімі жоғары өңірлердегі 100 ден астам мектептегі оқушы орындарының тапшылығы жойылды. «Келешек мектептерінің» алаңы бұрынғы үлгілік жобалармен салыстырғанда орта есеппен 15-20% ға ұлғайтылды. Ал техникалық жабдықталу деңгейі 4 еседен астам жоғары.
Жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқталады. Ал 360 мың оқушы білім алатын Алматы қаласында 3 ауысымды мектеп мүлдем жоқ. Мегаполисте биыл тағы жаңа 7 мектеп есігін айқара ашпақ.
СВЕТА АХМЕТОВА, № 231 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Алатау ауданының өзінде былтырғы жылы келешек мектептен 3 мектеп ашылған болатын. Биылғы жылы 4 ші мектеп және 1200 орынға арналған мектеп дайын боп тұрсақ, көрші қасымызда 2 мың орынға арналған келешек мектебі де есігін ашуға дайын тұр. 1200 орынға арналған мектепке 1380 бала қабылданды. Қазіргі таңда 1 ауысымда оқимыз деген ойдамыз.
Сонымен қатар Үкімет басшысы қыркүйекке дейін еліміздегі 106 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс екенін айтты. Жұмыс қарқыны баяу өңірлердің әкімдеріне жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау тапсырылды.