$458.23 €535.99 ₽5.46
×

«Ұлы дала мұрасы» ұлттық шығармашылық жобасының екінші кезеңі басталады

AstanaTV
20.08.2026ж. 19:00
«Ұлы дала мұрасы» ұлттық шығармашылық жобасының екінші кезеңі басталады

«Ұлы дала мұрасы» ұлттық шығармашылық жобасының екінші кезеңі басталады. Жобада 6 мен 22 жас аралығындағы таланттарды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға басымдық беріледі. Жобаға 16 бағыт бойынша  мыңнан астам адам қатысады. Олардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалап, үздіктері арнайы шеберлік сабақтарына қатысады.

ГҮЛМИРА ЖҮСІПБЕКОВА, ЖОБА АВТОРЫ:

Біз әр баланы қолдауға тырысамыз. Бұл жерде ешқандай шектеу жоқ, керісінше, жарысқа қатысушылардың барлығы өнерін еркін көрсетсе екен дейміз. Әр өңірден жиналған өрендердің талантын танытып, олардың үмітін жағып, өзіне деген сенімін арттырсақ деген ойдамыз. Өйткені бұл жерде кез келген саланың үздігі шеберлігін дәлелдей алады.

Жоба аясында жас өнерпаздар кәсіби мамандармен бірге шеберлігін шыңдайды. Сарапшылар 16 шығармашылық зертхана барысында қатысушыларға бағыт-бағдар береді. Ал үздік 370 финалист тәлімгерлік қолдауға ие болады. Бұл жоба жас таланттарды бір реттік байқаумен шектемей, олардың шығармашылық жолын жүйелі түрде қолдауға бағытталған.

СӘУЛЕ МҰҚАШЕВА, «МИР ЧЕРЕЗ ДУХОВНОСТЬ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ПРЕЗИДИУМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Талантты балаларды қолдауымыз керек. Өйткені олардың білімді, мәдениетті болып өсуі өте маңызды. Ең бастысы өз елін сүйетін, Қазақстанның нағыз патриоттарын тәрбиелеуіміз қажет. Себебі ертең олар өз өнері арқылы елімізді әлемге танытады. Ал баланың өз елінің тарихын, мәдениетін білуі оны Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді.