Алдағы үш жылда біздің ел толықтай цифрлық мемлекетке айналу керек. Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке осындай міндет жүктегені есте. Мемлекет басшысының таяуда жарық көрген «Әділетті қоғам – шыншыл сөз» атты жинағында да бұл мәселеге ерекше ден қойылған. «Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. Осы технология таяу болашақта әлемді түбегейлі өзгертеді» - дейді, Президент. Одан бөлек «Елімізді әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналдыруымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, заманның ағымынан қалмау керек» деп әлгінде айтқан ойды жүйелі түрде түйіндейді. Стратегиялық міндет жүктелген соң, ел үкіметі цифрландыру бағытында тың жобаларды жүзеге асыруды бастап кетті. Айталық, Қазақстан – цифрлық құқықтарды конституциялық деңгейде қорғаған және жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдаған алғашқы елдердің қатарында. «Digital Qazaqstan» стратегиясы, «GovTech» платформасы, Реттеу жөніндегі интеллект орталығы, суперкомпьютерлерді іске қосу, «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасы және халықаралық Alem.Аi орталығы елдің технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге жасанды интеллект университетін ашу, инновациялық мектептер құру және мемлекеттік қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы жаңа буын мамандарын даярлау көзделіп отыр.