$456.88 €534.64 ₽5.47
×

Құрылтай сайлауына орай 16 сағаттық онлайн-марафон ұйымдастырылады

Құрылтай сайлауына орай 16 сағаттық онлайн-марафон ұйымдастырылады

23 тамыз – Құрылтай сайлауы күні «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының жетекшілігімен 16 сағатқа созылатын жалпыұлттық online-марафон өтеді. Ауқымды медиажоба 09:00-ден 00:30-ға дейін жалғасып, сайлау күнінің басты оқиғаларын қамтиды.

Жалпыұлттық марафонның ерекшелігі – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, үш мегаполистің сайлау күніндегі тыныс-тіршілігі көрсетіледі. Қалалардың көрікті орындарынан репортаждар, тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен сұхбаттар ұсынылады. Ал АҚШ, Түркия, Қытай, БАӘ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Бельгия және Ресейдегі тілшілер сол елдердегі қазақстандықтардың дауыс беру нәтижесін бөлісіп отырады.

Сайлау процесі туралы екі дереккөзден ресми ақпарат беріледі: Орталық сайлау комиссиясы ресми статистика мен дауыс беру процесі туралы бөліседі, ал халықаралық бақылаушылар өз бағалары мен бақылаулары жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінің платформасында баяндайды.

Медиа шара тек сайлау барысымен шектелмейді. Қоғамның өзекті мәселелері талқыланып, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері пікір білдіреді. Елдегі ірі реформалар кеңінен сараланып, шетелден қайтарылған миллиардтаған қаражаттың қайда жұмсалып жатқаны, заң іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні және цифрлық қауіпсіздік не үшін маңызды екені айтылады.

Марафон қонақтары арасында әр салада жетістікке жеткен ерекше тұлғалар да бар. Мысалы, 74 жасында Түркияда парапланмен ұшып, әлеуметтік желіде танымал болған Ырзақұл Жәнібекова, Эвереске көтерілген тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева, Глазго университетінде «Үздік профессор» атанған Бақыт Төлегенов сынды кейіпкерлер өз тәжірибелерімен бөліседі.

Экспресс-камерада қонақтардың жедел пікірі берілсе, TEDx алаңында әр саланың үздіктері пайдалы ойларымен бөлісіп, мотивациялық дәрістер оқиды. Сонымен бірге викториналар мен интерактивті форматтар ұйымдастырылады.

Touch Screen форматында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі нәтижелері ұсынылады. Ал «Қарқынды құрылыс» жобасы аясында тілшілер өңірлердегі ірі құрылыс нысандарынан арнайы хабар таратады.

Жалпыұлттық online-марафонның трансляциясы 38 YouTube-арнада (14 республикалық және 14 аймақтық телеарнаның, 10 ақпараттық порталдың) көрсетіледі. Марафон барысындағы жедел жаңалықтар мен маңызды ақпараттар «Онлайн марафон – 2026» Telegram арнасында (http://t.me/onlinemarathon2026) жарияланады.