$456.88 €534.64 ₽5.47
×

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс берді

Ел азаматтары Қазақстанның вице-президенті кім болатынын алдағы 10 күннің ішінде білетін болады. Жаңа лауазымға елге танымал тұлға келеді. Бұл туралы  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Мемлекет басшысы алғашқы Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасап, Тәуелсіздік сарайында орналасқан № 520  сайлау учаскесінде дауыс берді. Содан соң  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін еліміздің дамуы мен келешегі үшін ерекше маңызды күн екенін атап өтті. Саяси науқан мұнымен тоқтап қалмайды. Реформалар әлі алда деді. Президент Конституцияға сай  2029 жылы қайта сайлауға түсе ме деген көпшілікті толғандырған сұраққа да жауап берді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын.

Заңға сәйкес, Құрылтай сайлауынан соң Үкімет жұмысын тоқтатады. Мемлекет басшысы Министрлер кабинетінде бірқатар ауыс-түйіс болатынын да жасырмады. Кадрлық өзгерістер Үкіметтің жұмысына қан жүгіртері анық.