Дауыс беруге және ол процессті тәуелсіз бақылауға еш кедергі жоқ. Халықтың көңіл-күйі керемет. Әлемнің әр түкпірінен келген халықаралық байқаушылар осылай дейді. Білікті сарапшылар тобы тек ірі қалалардағы учаскелермен шектеліп қалмай, аудан, тіпті, ауылдарға дейін барды. Таң атқаннан жұмысқа кіріскен халықаралық байқаушылар сайлаудың әр процессіне терең үңіліп, бақылау жасады.
ИГОРЬ ПЕТРИШЕНКО, ТМД БАС ХАТШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің миссия Қазақстанға келген ең үлкен топ десем болады. 190-аса адам 7 өңірге бірнеше күн бұрын барды. Біз саяси науқанға дайындықты да терең зерттедік. Расымен, өзге елдердің Қазақстаннан үйренері көп. Әсіресе, саяси мәдениет өте жоғары деңгейде. Саяси партия өкілдерінің де көңіл-күйлері жақсы. Бір адамның шағым білдіргенін көрмедік.
Халықаралық байқаушылар, еліміздегі саяси өзгерістерге де оң бағасын берді. Құрылтай сайлауы – ең берік әрі нық қадам, - дейді Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу.
МҰСТАФА КАПУДЖУ, ТҮРКИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:
Бауырлас қазақ елінің әр басқан нық қадамдары, жетістіктері үшін ерекше қуанамыз. Мен саясаткер ретінде Президенттеріңіз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізген саяси реформаларына тәнтімін. Көпшілік үшін айқын бір мысал келтірсем, Құрылтай сайлауы – заң мен норма қабылдау процессін әлдеқайда жеңіл әрі жылдам етеді. Қазақстанның саяси құрылымы екі елдің бірінде кездесе бермейді.