"Құрылтай сайлауы-ел ертеңіне жасалған қадам" дейді алматылықтар. Ең көп сайлаушы саны бойынша мегаполис алды тұр. 1млн 300мың адам тізімге алынған.
ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:
Сайлау учаскелерінің есігі жабылып, іште енді комиссия мүшелері мен байқаушылар ғана қалды. Сайлаушылар үшін дауыс беру аяқталғанымен, учаске ішінде жұмыстың келесі, ең жауапты кезеңі басталды. Енді Алматы бойынша қанша адамның дауыс бергені, олардың таңдауы қалай бөлінгені — осы санау қорытындысынан кейін белгілі болады.
Күні бойы сайлау учаскелеріне өз таңдауын жасауға келген халықтың қарасы қалың болды. Жастар да, аға буын да азаматтық ұстанымын білдіруге асықты. Қала тұрғыны Құрылтай Сәкенбаев үшін бүгінгі күннің жөні тіпті бөлек. Маңызды саяси науқан оның 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген.
ҚҰРЫЛТАЙ СӘКЕНБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қазақстанның құрылтайы біздің елімізге құт-береке әкелсін, қуаныш әкелсін. Барлық шешімдері қабылданып, ұрпақтарымызға жақсылық болсын. Жеріміз тыныш, еліміз аман болып, Қазақстанымыз жасай берсін.
Бұл күн ерекше образдарымен көзге түскен тұрғындармен де есте қалды. Ұлттық нақыштағы киім кигендер мен заманауи стильді таңдағандар көпшіліктің назарын аударды. Ал кей учаскелерде тұрғындар үшін түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, ерекше көңіл-күй сыйланды. Өнер адамдары мен танымал тұлғалар да өз таңдауларын жасады. Тіпті спортшыларымыз қайықпен жүзіп, әуемен ұшып келді.
БЕРІК ҚҰБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖЕЛКЕНДІ ҚАЙЫҚ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:
Бүгін біз осы қайықпен келіп, халыққа ерекше әсер сыйлау үшін, көтеріңкі көңіл-күй болсын деп желкенді қайықпен келіп дауыс беруді жөн көрдік.
Күні бойы тұрғындар өз таңдауын жасап, сайлау учаскелерінде белсенділік танытты. Өрмекші адам да дауыс берушілер қатарынан көрінді. Ерекше кейіптегі сайлаушы жұртқа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.