$456.88 €534.64 ₽5.47
×

«Байтақ» партиясының бірқатар филиалы экзит-полл нәтижелерін мойындады

«Байтақ» партиясының бірқатар филиалы экзит-полл нәтижелерін мойындады
Фото: “Байтақ” партиясы

«Байтақ» жасылдар партиясының Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы өңірлік филиалдарының өкілдері Құрылтай сайлауының экзит-полл нәтижелері бойынша жарияланған алдын ала қорытындыларға пікір білдірді. Олар азаматтардың таңдауын мойындап, саяси жұмысты жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Сонымен қатар партия ішіндегі жұмысқа талдау жасап, тәсілдерді жаңарту қажеттігін атап өтті.

«Байтақ» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Тұрсынбек Байтеміров Facebook парақшасында жариялаған бейнеүндеуінде партия сайлаушылардың таңдауын құрметтейтінін және жарияланған алдын ала нәтижелерді қабылдайтынын айтты.

«Алдағы уақытта бүгінгі нәтижені ескере отырып, өз ұстанымымыз бен бағдарламамызды жүзеге асыруды жалғастырамыз. Қоршаған ортаны, таза су мен жерді қорғау мәселелері бойынша нақты шешімдер қабылдауға күш саламыз. Жұмысымызды жетілдіріп, келесі сайлауларға дайындаламыз», – деді.

Ол партия жақтастарына алғыс айтып, «Байтақтың» өз жұмысын жалғастыратынын жеткізді.

Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Сейфул-Малик Қазитов сайлау нәтижесін сыни тұрғыдан бағалады. Оның айтуынша, экзит-полл көрсеткіштері партия күткен нәтижеден төмен болған. Дегенмен «Байтақ» сайлаушылардың таңдауын мойындап, дауыс беру қорытындысын қабылдайды.

Қазитов Құрылтайға өткен партияларға азаматтардың сенімін ақтап, жауапкершілікпен жұмыс істеуді тіледі. Сонымен бірге партия ішінде талдау жүргізу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, сайлау науқаны кезінде «Байтақтың» барлық мүмкіндігі толық пайдаланылмаған және партияның барлық идеясы сайлаушыларға жеткізілмеген.

Ол партияны басқару жүйесін реформалап, төрағаны ротациялау қажеттігін айтып, партия мүшелерін оны жаңғырту жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Айман Сексенова да экзит-полл нәтижелері партия күткен көрсеткіштен төмен болғанын айтты.

Оның мәліметінше, өңірдегі сайлау учаскелерінде партия атынан 200-ден астам байқаушы жұмыс істеген. Сексенова сайлаудың әділ өткенін айтып, партия азаматтардың таңдауын қабылдайтынын атап өтті.

Сонымен қатар ол сайлау нәтижелерін партияның ішкі жұмыс тәсілдерін қайта қарауға мүмкіндік беретін фактор ретінде бағалады. Алдағы уақытта сайлауалды бағдарламаны талдап, партия мүшелерімен талқылау қажеттігін айтты. Сексенова «Байтақ» мүшелерін партияны жаңғырту жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

Осылайша, «Байтақтың» үш өңірлік филиалының өкілдері партияның сайлаудан кейін де саяси қызметін жалғастыратынын мәлімдеді. Қарағанды және Ақтөбе облыстарында партия ішіндегі өзгерістер мен жұмыс тәсілдерін қайта қарау қажеттігі айтылса, Батыс Қазақстан облысында экологиялық күн тәртібін жалғастыруға басымдық берілді.