$457.99 €534.15 ₽5.47
×

Риддерде мотоцикл мінген 13 жастағы қыз қаза тапты

AstanaTV
25.08.2026ж. 19:00
Риддерде мотоцикл мінген 13 жастағы қыз қаза тапты

Риддерде мотоцикл мінген жасөспірім қаза тапты. 13 және 15 жастағы қыздар қала көшелерінің бірінде мотокөлікпен келе жатып, апатқа ұшыраған. Тізгіндегісі ауыр жарақат алып, сол жерде көз жұмды. Ал қасындағы жолаушы ауруханаға жеткізілген. 

Оқиға осы жерде болған. Тұрғындар гүл әкеп қойып жатыр. Оқиға кеше кешкісін болыпты. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, қайғылы жағдайға бағанаға ат байлаған арқан себеп болған. Бұған қатысуы болуы мүмкін деген бір адам полицияға жеткізілді. Абайсызда өлімге әкелу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ҒАЗИЗ НҰРАЛИН, ШҚО ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алдын ала анықталғандай, жасөспірім жақын маңдағы үйдің бағанына ат байланған арқанға соғылуы салдарынан өлімге әкелген жарақат алған. Көлік құралын басқарған жасөспірім оқиға орнында көз жұмды, ал 15 жастағы жолаушы медициналық мекемеге жатқызылды. Кәмелетке толмаған қыздың абайсызда қаза болуына байланысты Риддер қаласының полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады.

Мотоциклдегі екінші қыз бала қазір   қалалық аурухананың травматология бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы тұрақты. Жасөспіріммен психолог  жұмыс істеп жатыр.

АРДАГҮЛ БАЙСБАЕВА, РИДДЕР ҚАЛАСЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕР-ТЕРАПЕВТІ:

Жабық бас-ми жарақаты, жеңіл дәрежедегі ми шайқалуы диагнозы қойылған. Бас терісі мен бетінде сырылулар бар. Жағдайы ауыр емес. Бала есін біледі, сөйлесіп жатыр. Психологиялық тұрғыдан аздап күйзеліс алғандықтан маманның кеңесін алды. Әзірге науқас дәрігерлердің бақылауында болады.

Әлеуметтік желі қолданушылары оқиғаны жан-жақты тергеуді талап етіп жатыр. Қайғылы жағдайдың нақты себебі тергеу мен сараптамалар аяқталғаннан соң белгілі болады.