$458.48 €534.68 ₽5.43
×

БАӘ-де екі қазақстандықтың мәйіті табылды

БАӘ-де екі қазақстандықтың мәйіті табылды

Біріккен Араб Әмірліктерінде екі қазақстандықтың мәйіті табылды. Шарджа қаласында жұмыс істейтін апалы-сіңлілі қыздар тамыз айының соңында елге қайтуды жоспарлаған көрінеді. Алайда, соңғы бір аптада байланыссыз қалыпты. Қайғылы хабарды естіген ата-анасы есеңгіреп отыр. Жұмбақ жағдайда көз жұмған марқұмдардың денесін елге қайтара алмай, мемлекеттік органдардан жедел көмек сұрайды.

Қыздардың туыстары бұл туралы әлеуметтік желіде жазды. Айтуынша,  оларды алғашында миграциялық полиция ұстады ма деген болжаммен өз беттерінше іздестірген. Кейіннен, үйден пышақ жарақаттары бар денелері табылғаны белгілі болыпты.  Жергілікті полиция кісі өлтірді деген күдікпен Қазақстан азаматын ұстағаны туралы ақпарат тарағанымен, бұл деректі ресми органдар әлі растамады. Қазір марқұмдардың жақындары денелерді елге жеткізуге көмек сұрайды.

Бізге халықтың қолдауы керек. Біз қыздарымыздың денесін елге аман-есен жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Мәйітті тиісті рәсімдерден өткізу мәселесін қолға алдық. Бүгін Дубайға ұшамыз. Одан кейін бұл істің әділ тергеліп, әділ соттың өтуіне қол жеткізгіміз келеді.

Қазіргі уақытта Дубайдағы Бас консулдық Біріккен Араб Әмірлігінің құқық қорғау құрылымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Тергеу амалдарының құпиялылығына байланысты қайғылы жағдайдың егжей-тегжейі әзірге жарияланбайды.

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қазақстан азаматтарының қаза болу мән-жайларына қатысты Әмірліктердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдесуде. ҚР СІМ қаза болғандардың отбасыларымен тұрақты байланыста және өз құзыреті шеңберінде оларға қажетті көмек көрсетуде.

Қазір ең өзекті мәселе - созбалаңға салынған бюрократиялық кедергілерді еңсеріп, марқұмдардың денесін туған жерге жеткізу. Істің ақ-қарасын Біріккен Араб Әмірліктері құқық қорғау органдары анықтауы тиіс, ал қаралы отбасы әділ тергеу күтеді.