Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Нұр Отан» партиясының өкілдері қарияларды мерекемен құттықтады

AstanaTV
07.03.2018ж. 20:00
2912
«Нұр Отан» партиясының өкілдері қарияларды мерекемен құттықтады

«Ел аналары». Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында елімізде осындай акция бастау алды. Бұл ерекше шараны «Нұр Отан» партиясы қолға алған. Еліміздің әр аймағында жасы жүзден асқан ақ жаулықты әжелерді мерекемен құттықтау қызу жүріп жатыр. Қиын қыстау күндерді бастан өткеріп, екі ғасырдың куәгері болған кейуаналарға сыйлық табысталып, құрмет көрсетілуде. 

Акция Астанадан бастау алды. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жасы 103-ке келген еңбек және тыл ардагері Дана Досполованы мерекемен құттықтады. Қарт-ана Транссібір теміржолы магистралінің құрылысы жүріп жатқанда, аспаз болып еңбек еткен. Сұрапыл соғыс жылдарында тылда тер төгіпті.  Жеңісті жақындатқан жандардың қатарында болғанын ұрпағы мақтан етеді. Мәулен Әшімбаев осындай асыл апаларымыздың өнегеге толы өмір жолы жас ұрпаққа қашанда үлгі дейді.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Дана апамыз сияқты бүкіл Қазақстанда 100-ге жеткен, 100-ден асқан 415 біздің елдің аналары бар екен. Сол біз енді Дана апамызды Астанада келіп құттықтап жатырмыз. Осылай біздің барлық филиалдарымыз барлық облыстарда осындай аналарымызды құттықтап, соларға өздерінің бір енді қамқорлықтарын көрсетіп жатыр.

Екі ғасырдың куәсі болған оралдық Мнаура әжейді партияның жергілікті өкілдері құттықтады. Жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген, қарт-ана майданға көмек ұйымдастыру ісімен айналысқан. Өгізді арбаға жегіп, талай рет жанар-жағармай тасығанын балаларына айтып отырады. Соғыс аяқталған соң да, ауыр еңбектен қашпаған. Үш баласы мен бір қызынан 9 немере, 15 шөбере сүйген бақытты ана.

Сәлімгерей Сәрсенов,  ұлы:

Баяғыда біз шопыр болып жүргенде біз Алғайға барамыз ғой, Россияға. Біз өгіз арбамен май тасып, талай барып келетін жерімізге сендер аһілеп-ухілеп шақ келесіңдер деп. Кейде өгіз жүрмей қалған кезде арбаны өзіміз сүйрейміз, біреуміз итереміз. Айлап, екі айлап келетін едік дейтін.

Саламатсыз, апа! Қалайсыз, амансыз ба?! ...

103 жастағы шымкенттік әжей Қанаш Күзербаеваның да жастық шағы алмағайып кезеңге тура келген. Колхозда ауыр жұмыс атқарып, майданға жылы киімдер тоқып, айран-сүтін жіберіп отырған әжей бүгінгі бейбіт күнге шүкіршілік етеді.

Қанаш Күзербаева:

Айналайын, бұл Қазақстанымызға жете алмай отырған ел де бар. Бұған да тоба. Тоба, мінекей, мына жағдайда отырып, міне,  құрметтеп жатқандарыңа шүкір.

Өскеменде ғасыр жасаған әжелердің саны 40-тан асады. Солардың бірі Бижамал Шағиеваны «Нұр Отан» партиясының өкілдері арнайы құттықтады.

Олег Чугунков, «Нұр Отан» партиясы ШҚОФ төрағасының орынбасары:

Қарияларымызды осы бір керемет мерекемен құттықтап жатырмыз. Өмірлік тәжірибесі бар олардан үйренеріміз аз емес.

Қостанайлық 116 жастағы Марпуға әжей соғыс жылдары шаруашылықта түрлі жұмыстар істеген. Алтын құрсақты ана он екі бала тәрбиелеп, қырық немере, отыздан астам шөбере-шөпшек сүйіп отыр. Медреседе оқып, арабша хат таныған қария 112 жасқа келгенше бес уақыт намазын үзбеген.

Жібек Құрманова, қызы:

Бұл кісілер сондай еңбекқор болған. Қандай жұмыс болса да, сол жұмысты дөңгелетіп алып кете берген кісілер.

Қазақстан бойынша жасы 100-ді еңсерген 415 әжей бар. «Ел аналары» акциясы аясында нұротандықтар олардың барлығын үйлеріне арнайы барып құттықтауда. Аяулы аналар небір тар жол, тайғақ кешулерге тайсалмай төтеп берген сүйегі асыл жандар. Олар елінің ертеңі үшін аянбай күресе білді. Еңбектен қол үзбей жүріп, ұрпақ тәрбиелеуді де ұмыт қалдырмады. Қайсар рух пен жалынды жігердің жарқын үлгісін көрсетті. Соның нәтижесінде асыл әжелеріміз Қазақстанның Тәуелсіз ел атанғанына куә болды.

Еркін КАРИН, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, Заңғар САНАЙ