Сүңгуір әйел. Ақтөбеде ерекше мамандық иесі тұрады. 10 жылдан бері құтқару қызметінде еңбек ететін Элона Медведева суға сүңгудің қыр-сырын жетік меңгерген. Басшылары да оған үлкен сеніммен қарайды. Екінің бірі тәуекел ете бермейтін кәсіпті таңдаған құтқарушы-сүңгуірдің жұмысымен әріптесім Жақсыбек Кемал танысып келді.
Дабыл белгісі соғыла салысымен, Элона су астына түсуге жылдам қамдана бастайды. Бұл жолы оқыс оқиға орын ала қойған жоқ - әдеттегі жаттығу. 20 градус аязға қарамастан, су астына сүңгуі керек. Арнайы киімнен бөлек, арқасына оттегі толтырылған баллон байлайды. Тереңдікке кедергісіз бату үшін ондаған келі тартатын темірлерді де беліне тағуы тиіс. Қысқасы, Элона өз салмағынан бөлек 30 келі жүкпен суға сүңгиді.
Элона Медведева, құтқарушы:
10 жыл бұрын жедел құтқару жасағына баспасөз хатшысы болып келген едім. Арада біраз уақыт өткенде құтқарушы мамандығына қызығушылығым оянды. Ақыры, осы салаға біржолата бет бұрдым. Ең қиыны - су астында дем алуды үйрену. Ауа келмей қалады деп қорықпау керек. Су астында тас қараңғыда жұмыс істеуге тура келетін де кездер болады. Ондайда түйсікке сеніп, қолмен ғана әрекет етеміз.
Элона қазір сүңгуірлер бөлімінде еңбек етеді. Құтқарушының жұмысы оңай емес. Әрқашан шыныққан шымыр, әрі психологиялық дайындықта болуы керек. Сүңгуір киімін тез арада киіп, оқиға орнына уақытында жету де аса маңызды. Мұндай дағдыларға Элона әбден үйренген. Ол - Ақтөбедегі суда құтқару бекетінде жұмыс істейтін жалғыз әйел құтқарушы. Әріптестері де оған үлкен сеніммен қарайды.
Асқар Сердалин, Ақтөбе қалалық орталық суда құтқару бекетінің жетекшісі:
Әйел қашанда әйел. Нәзік. Дегенмен оған деген көзқарасымыз өзгерді. Элона қиындықтан ешқашан қорықпайды. Жылдың қай мезгілі болса да, су астына түсуге дайын. Арнайы жаттығулардың ешқайсысынан қалмайды.
Элона қазір 3-інші санаттағы құтқарушы-сүңгуір. Мұндай дәреже 60 сағаттан артық уақыт бойы су астында болған мамандарға ғана беріледі. Ерекше мамандық иесі өзінің қанша адамның өмірін сақтауға көмектескенін айтқысы келмеді. Себебі мұны қызметтік парызым деп қана біледі.
Жақсыбек КЕМАЛ