$462.3 €538.07 ₽5.41
×

Құрылтай ресми түрде жұмысқа кірісті

Құрылтай ресми түрде жұмысқа кірісті

Саяси реформалардың нәтижесінде жасақталған Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кірісті. Осылайша Қазақстан даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Алқалы жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  қатысып, ел дамуының жаңа векторын айқындап берді. Депутаттар алдағы 5 жылда Құрылтайды басқаруға кімді лайық деп тапты? Заң шығарудан басқа бұл инситуттың тағы қандай құзіреті бар? Айсәуле Съезбек тарқатсын.

АЙСАУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Сын сағатта ұлт тағдырын шешу үшін шақырылған Құрылтай қайта жаңғырды. Тарихи сәтке біз де куә болдық. Бір палаталы Парламенттің алғашқы отырысын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашып берді. Мемлекет басшысы әуелі халық сенімімен заң шығару құқығына ие болған 145 депутатты құттықтап, артылған жауапкершілік жүгінің ауыр екенін еске салды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі. Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас.Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін!

АЙСАУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Тарихтағы тұңғыш Құрылтай депутаттары кезек-кезек ел алдында ант берді. Енді бұл -  Қазақстанның билік жүйесінде маңызды рөл атқаратын институт. Депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіріп, Министрлерді қызметтен шеттету туралы Президентке ұсыныс білдіруге құқылы. Сондай-ақ, маңызды мемлекеттік лауазымдарға тағайындау Құрылтайдың келісімінсіз жүзеге аспайды. Осы заңдылыққа сәйкес Президент бүгін Құрылтай спикері ретінде Әділет париясының төрағасы Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын.

Құрылтай алдымен ел заңнамасын  Жаңа Конституция нормаларына сай қайта түзеуі тиіс. Әрі Мәжіліс пен Сенаттың VIII шақырылым депутаттары қабылдап үлгермеген заңдарды пысықтайды. Үкімет алдыңғы кезекте орта білімге ЖИ-ні енгізу, «Алтын виза» беру, ерекше балаларды жан-жақты қолдау бойынша заң жобаларын Парламентке ұсынады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Әсіресе, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек.   Осындай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет. Демеушілер де осы маңызды іс-шараға қатысады деп сенемін. Мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұрақты ұстаным.

8 комитетке бөлінген депутаттар түрлі саладағы заң мен тәртіптің ережесін жазады. 

ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мемлекет басшысы заң шығарушы органның алдына нақты міндеттер қойды. Әсіресе, бірінші сессияда атқарылуы тиіс онлайн платформалар туралы заң, масс-медиа туралы заң, балалардың құқығына қатысты, қоғамдық тәртіпке қатысты. Ел-халықтың алдында тек қана уәде күйінше қағаз күйінде қалмай, оны нақты осы Құрылтай мүшелері жүзеге асыруға міндеттеді.

АЙСАУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ: 

Құрылтай толық құрылды. Енді заңға сәйкес, Үкімет те қайта жасақталуы тиіс. Президент көпұзамай жап-жаңа лауазым вице-президент пен Үкіметбасына лайықты үміткерін ұсынады. Ал қыркүйектің екінші жартысына дейін Халық кеңесі бой көтереді.