Ұлттық сана-сезімді қалыптастырып, тарихымызды тұтас тану – аса маңызды міндеттердің бірі. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы қоғамды кежегесін кері тартатын жағымсыз әдеттерден арылып, білім мен ғылымды биікке көтеруге үндеді. Ел мүддесіне адал қызмет еткен асыл тұлғаларды үлгі етіп, Отан алдындағы парызды терең сезіну – нағыз отаншылдықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз жасампаз ұлт ретінде ақиқат пен аңыздың, шындық пен өтіріктің ара жігін ажыратып, жағымсыз кеселдерден біржола арылуымыз керек. Ұлы Абай айтқан өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болғанымыз жөн. Ең алдымен, білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысуымыз қажет. Елімізді көркейтеміз десек, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен тұлғалардың өмірін үлгі-өнеге етуіміз керек. Рухы биік, жігері мықты адамдар өз отбасы мен қастерлі Отаны алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді, ел игілігі үшін адал еңбек етеді. Шынайы отаншылдық дегеніміз де – осы.
Президенттің айтуынша, тарих – ұлттың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жігерімізді жасытып, кешегі күнге өкпе арта берсек, өскелең ұрпаққа қандай тәрбие береміз?! Біздің төл тарихымыз – қазіргі және келешек ұрпақтар мақтан тұтарлық бірегей жылнама. Себебі, қазақ халқы – сан түрлі сынақтан, небір нәубеттен аман өтіп, қайсарлығын да, қаһармандығын да паш еткен халық.