Жаңа оқу жылы қарсаңында Батыс Қазақстан облысының ауылдары жаңа білім ошақтарымен толықты. Өңірдің бірнеше ауданында бой көтерген шағын жинақты сегіз мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Мамандардың айтуынша, бұл ғимараттар заман талабына сай салынған. Енді бірер жылда ауыл мен қала мектебінің арасында айырмашылық жойылады.
Сырым ауданының Құспанкөл елді мекенінде 60 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бір жылда салынып біткен ғимараттың құрылысына 1,4 миллиард теңге жұмсалды. Тозығы жеткен ескі мектепте сабақ берген ардагер ұстаздар жаңа білім ордасын көргенде қуанышын жасыра алмады.
НҰРГҮЛ ДОСҚҰЛОВА, АРДАГЕР ҰСТАЗ:
Тоқыраудан кейін автобустардың бәрі тоқтады. Жанар-жағармай тапшы болды. Атобустар тоқтағанда да біз жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз. Ешкім қалаға, далаға кеткен жоқ. Сол жаңағы 7-8 мұғалім барып келіп жұмыс жасап жүрдік. Тоғанаспен екі орта 4 шақырым ғой. Көрнекілікті қолдан жасаймыз.
Президенттің апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасы өңірде қарқынды орындалып жатыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында шағын жинақты 8 білім ошағының құрылысы аяқталды.
МИРАС МҮЛКАЙ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Өскелең ұрпақтың заманауи талаптарға сай білім алу үшін қолайлы жағдай жасау - мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Енді ауыл балалары заманауи талаптарға сай жайлы әрі қауіпсіз ғимаратта білім алатын болады. Бұл - ауылдың ертеңі үшін жасалған маңызды инвестиция. Өйткені білім саласына салынған инвестиция - елдің болашағына салынған инвестиция.
Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Балабақшадан бастап, компьютерлік кабинеттер де талапқа сай жабдықталған. Балалар қауіпсіздігі үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған.