$464.77 €541.36 ₽5.41
×

Әділет министрлігі авторларды туындылары туралы мәліметтерді Бірыңғай цифрлық платформаға енгізуге шақырды

Әділет министрлігі авторларды туындылары туралы мәліметтерді Бірыңғай цифрлық платформаға енгізуге шақырды
ortcom.kz

Қазақстанда авторлық құқықтарды ұжымдық басқарудың негізгі процестері цифрлық форматқа көшірілді. Бірыңғай цифрлық платформаны құру және енгізу туындылардың пайдаланылуы, авторлар мен құқық иеленушілерге сыйақыны бөлу және төлеу туралы деректерді жүйелеуге мүмкіндік береді. Бұған дейін бұл рәсімдердің едәуір бөлігі қағаз түрінде жүргізілсе, жекелеген жағдайларда сыйақы қолма-қол төленген. 

Оның айтуынша, платформа құқық иеленушілерге авторизациядан өтіп, жеке кабинеттерінде жұмыс істеуге, сондай-ақ шарттарды электрондық түрде жасасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйеде дербес деректерді сақтау қамтамасыз етілген.

Пайдаланушыларға туындылар, авторлар мен құқық иеленушілер, құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдары (ҚҰБҰ), пайдаланушылар және жасалған шарттар тізілімдері қолжетімді. Бірыңғай цифрлық платформада белгілі бір кезеңдегі ең танымал орындаушылардың рейтингі сияқты статистикалық мәліметтер де ұсынылған. Бұдан бөлек, жүйеде туындылардың карточкалары және оларға қатысты өзге де ақпарат қамтылған.

Сыйақыны есептеу жүйесі пайдаланушылардан түскен қаражаттан бастап, оны нақты әрбір авторға төлеуге дейінгі барлық процесті қамтиды. Бұл ретте туындының қанша рет орындалғаны, құқықтың кімге тиесілі екені және әр құқық иеленушінің үлесі ескеріледі. Сыйақыны есептеу үшін қажетті мәліметтерді авторлық қоғамдардың өздері енгізеді. Есептеу процесі толық автоматтандырылған әрі ашық. Құқық иеленуші де, авторлық қоғам да, пайдаланушы да қорытынды соманың қалай қалыптасқанын көре алады.

«Жүйенің техникалық бөлігі, яғни сыйақыны автоматты түрде есептеу және бөлу тетігі толық дайын және жұмыс істеп тұр. Алайда есептеудің түпкілікті нәтижесі деректердің толықтығы мен дұрыстығына тікелей байланысты. Сондықтан авторларды өздерінің авторлық қоғамдары арқылы немесе платформаның өзінде жеке кабинетке авторизациядан өтіп, туындылары, құқық иеленушілердің үлестері, ISRC кодтары және сыйақы алушылардың сәйкестендіру нөмірлері туралы мәліметтерді енгізуге шақырамыз. Келесі айдан бастап біз барлық есептеуді авторлық қоғамдарға кейіннен сыйақыны бөлу үшін ұсынуға дайынбыз», – деді спикер.

Вице-министрдің мәліметінше, қазір Бірыңғай цифрлық платформаға 164 мыңнан астам туынды жүктеліп, шамамен 15 мың құқық иеленуші енгізілген. Платформаға жүктелген барлық туындының ішінде 7 мыңына қатысты толық мәлімет бар. Ол Бірыңғай цифрлық платформада толық дерек болмағандықтан сыйақыны құқық иеленушілер арасында бөлу мүмкін болмай отырғанын атап өтті.

Ботагөз Жақселекова жақын арада іске қосылатын мобильді қосымша туралы да айтты. Ол авторлар мен құқық иеленушілерге өз туындыларының қай жерде, қашан және қанша рет орындалғанын, бұл үшін қанша қаражат жиналғанын және өздеріне тиесілі сыйақы көлемін көруге мүмкіндік береді.

«Платформаның маңызды бөлігі әрі оның өзегі - эфирді автоматты түрде мониторингтеу жүйесі. Бұл нені білдіреді? Жүйе тәулік бойы радио мен телеарналардағы барлық контентті талдап, барлық туынды секунд сайын тіркелетін машина оқи алатын журнал қалыптастырады. Тректер атауы, орындаушысы және ISRC сәйкестендіру коды бойынша анықталады. Мониторинг жүйесі деректерді алты айға дейін сақтауға мүмкіндік береді. Даулы мәселелер, шағымдар немесе өтініштер болған жағдайда, біздің сараптамалық ұйымымыз - Ұлттық зияткерлік меншік институты тиісті деректерді, есептерді ұсына алады. Мұндай жүйе қолмен жасалатын есептерді автоматтандырылған жүйеге ауыстыруға мүмкіндік береді және авторларға өз туындыларының пайдаланылуы бойынша жеке есептерді қоса алғанда, қажетті мәліметтерді жүктеп алуға жағдай жасайды», – деп қорытындылады вице-министр.